Ұзынкөл ауданына қарасты Ряжский ауылында заманауи үлгідегі балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. «Олжа Ряжское» ЖШС аудан әкімдігімен бірлесіп, жалпы құны 75 млн теңге болатын меморандумға қол қойған болатын. Осы қаржыға балаларға арналған бес ойын алаңын салу жоспарланған. Солардың алғашқысы Ряжский ауылында іске асырылып отыр. Қалған төрт алаңның құрылысы келер жылға белгіленген. Олар Ұзынкөл ауданының орталығында, Пресногорьков, Сокол, Кировский ауылдарында салынбақ.
Су жаңа алаңның ашылуы рәсіміне аудан әкімі Азамат Аужанов пен жобаның демеушісі «Олжа Ряжское» ЖШС директоры Рүстем Доғабаев арнайы қатысып, салтанатты түрде лентасын қиды. Көптен күткен сәтке куә болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе, балалар дән риза. Салтанатты ашылу рәсімінен соң балақайлар алаңда ойынға кірісті. Олардың бал-бұл жайнаған жүздерінен шаттықтың лебі еседі.
Қазақта «Не берсең де балаға бер, балаң үшін жаса», «Қуантсаң, баланы қуант» деген нақыл сөздер бар. Бала – біздің болашағымыз, ұлтымызды жалғайтын ұрпақ. Ұрпақтың болашағына бейжай қарамай, ойын алаңын салып берген «Олжа Ряжское» ЖШС алғысымды білдіремін. Бұндай ойын алаңдары басқа ауылдарда салынатын болады, – деді аудан әкімі Азамат Аужанов.
«Олжа Ряжское» ЖШС Ұзынкөл ауданында жүзеге асып жатқан игі жобаларға демеушілік жасап, ауыл-аймақтың өркендеуіне тұрақты түрде үлес қосып келеді. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік елімізге белгілі ірі агроөнеркәсіптік холдинг «ОлжаАгро» компаниясына қарасты бөлімшесі екенін айта кетейік.
Меморандум шеңберінде ауданда бірнеше ойын алаңын саламыз. Алғашқы жобаны осы жылдың аяғында бітіріп, іске қосып отырмыз. Балақайлардың қауіпсіздігі үшін алаңның жан-жағы қоршалып, жұмсақ төсемелер орнатылды. Қаладағы алаңдардан кем қылмай салуға тырыстық. Жобаның мердігері – астаналық «Шарипов» жеке кәсіпкерлігі. Құрылыс жұмыстарын бастан-аяқ назарымызда ұстап, уақытылы іске қосылуын қадағаладық. Мінекей, асыға күткен қуанышты сәт те келіп жетті, – деді «Олжа Ряжское» ЖШС директоры Рүстем Догабаев.
Ряжский ауылында салтанатты түрде ашылған ойын алаңына 15 млн теңге жұмсалды. Алаң замануи үлгіде, сапалы материалдармен жасалған. Балғындардың емін-еркін ойнауына барлық жағдай қарастырылған. Түрлі-түсті сырғанақ, жұмсақ төсеніштер көз тартады.
Үш балам бар. Екеуі ересек. Кішкентайым 2-сыныпта оқиды. Сол кіші балам сабақтан шыққан соң осында келіп ойнайды. Мектептен тараған балалардың бәрі осы жерге асығады. Әсіресе, демалыс күндері бұл жерде ине шаншар орын болмайды. Алаңның әдемілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Керемет. Бәріміздің көңілімізден шықты, – деді ауыл тұрғыны Жұлдызай Дүйсембіқызы.
Алаңның ашылуында Марал Асанәли есімді балақайды сөзге тарттық. Ол 1-сыныпта оқиды екен. Мұнда күнде келіп ойнайтынын айтады. Алаңның салынғанына қуанғанын баланың сөзінен де, көзінен де аңғаруға болады.
Ряжский ауылының әкімі Асылхан Әлімбаевтың айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер елді мекеннің дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға барынша жағдай жасап келеді. Соның ішінде «Олжа Агро» холдингін ерекше атап өткен жөн. Алпауыт компания биыл дәл осы ауылда шағын футбол алаңын салып беріпті. Енді, міне, балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп отыр.
Биыл аудандық бюджет есебінен медициналық пунктке күрделі жөндеу жүргізіліп, ауылдық әкімдік ғимаратының төбесі жөнделген. Бұл биыл атқарылған жұмыстардың бірсыпырасы ғана. Келер жылдың жоспарында бірнеше жаңа жоба кезек күтіп тұр.
Ауылдастардың әл-ауқатын арттыруға үкімет тарапынан барынша қолдау жасалып жатыр. Біздің ауылда жарықтандыру ісі де нәтижелі. Барлық көшеде жарық бар. Халық ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың 70%-нің үйіне су кіргізілді. Жұмыспен қамтуда еш қиындық жоқ. Ниет еткен адам екі қолға бір күрек таба алады. Ауылда сегіз шаруа қожалығы, тоғыз ЖШС бар. Бәрі де ауылдың болашағына алаңдап, көмек қолдарын созып отырады, – деді Ряжский ауылының әкімі Асылхан Әлімбаев.
Өңірдің өркендеуіне кәсіпкерлердің демеушілік жасап, қарайласқаны қуантарлық жағдай. Мұндай игі іс Ұзынкөл ауданында әдемі дәстүрге айналған сыңайлы. Ұзынкөл ауданының әкімі Азамат Аужановтың айтуынша, қазіргі уақытта 180 тауар өндірушімен құны 910,8 млн теңгеге меморандум жасалған. Меморандумдардың көпшілігі жаңа тұрғын үйлерді салуға және қолданыстағыларын қалпына келтіруге, көшелерді жөндеуге және күтіп ұстауға, тозығы жеткен ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға, кіреберіс аркаларды жөндеуге және жаңартуға, жаңа балалар алаңдарын орнатуға, саябақтарды, скверлерді абаттандыруға бағытталған. Ауданда спортпен шұғылданамын деген әрбір азаматқа қолайлы жағдай жасалған.
Новопокров ауылында 20 млн теңгеге заман талабына сай жабдықталған шағын футбол алаңы орнатылды. Осы жылдың және 2024 жылдың ішінде «Олжа Ряжское»ЖШС күшімен 5 балалар және спорт алаңдарын монтаждау жоспарлануда. Жасалған меморандум аясында аудан бойынша биыл 7 үйдің құрылысы аяқталды. Атап айтар болсақ, «Мирас» ш/қ 3 үй, «Тойсай» ЖШС және «Ершовское-2» ЖШС 2 үй салып берді. Тағы 2 үй салу үшін«Ершовское-2» ЖШС жер учаскелерін сегменттеу жүргізсе, тағы 4 үйге «Мирас» ш/қ, «Иржанов а.» ш/қ 2 үйге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізуде, – дейді аудан басшысы Азамат Қанатұлы.
Ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатымен Федоров ауылында үй-жайларды жылыту үшін отын ретінде сұйытылған газбен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталған. «Веста» ШҚ күшімен жалпы сомасы 36 млн теңгеге 12 Газгольдерге монтаждау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Мирас» шаруа қожалығы 60 млн теңге сомасына 20 орындық қоғамдық монша салып берген.
Ауылдарда жол жөндеу жұмыстары да биыл қарқынды жүргізілген. Новопокров ауылында «Тойсай» ЖШС жалпы ұзындығы 2 шақырым асфальт төсеп, 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын аяқтаған.
Осы жылы абаттандыру және өңірді көркейту мақсатымен көптеген жұмыс атқарылып отыр. Новопокров, Ершов, Обаған және Федоров ауылындарында көшелер бойында заманауи металл және ағаш қоршаулар қойылған.
Федоров, Павлов, Новопокров, Ершов, Отын-Ағаш ауылдарының кіре берісінде ауылдық елді мекендердің атауы жазылған стелалары орнатылды. «Веста» шаруа қожалығының қаражаты есебінен Федоров ауылы 7,2 млн теңге сомасына заманауи кіреберіс стеласын сыйға тартты. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған істер әлі де жалғасатын болады, – дейді Азамат Аужанов.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген – Б.АХМЕТБЕКОВ