Алтынсарин ауданында жыл басында межеленген барлық мақсат-міндет жоспардағыша орындалған. Бірнеше жылға белгіленген ауқымды жобалар да биыл сәтті басталды. Ауыз су мәселесі алдағы жылдары толық шешіліп, көгілдір отын игілігін көретін елді мекендер қатары көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріледі. Аудан әкімі Арнұр Сартов өңірдегі ахуалды баспасөз мәслихатында баяндап берді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң динамикаға ие. Барлық салада өсім бар. Тек биыл ауыл шаруашылығы өндірісі кенжелеп қалып отыр. Оған қолайсыз ауа райы салдарынан орақ науқанының уақытылы жүргізілмеуі себеп болды. Бұл аграрлы өңір үшін елеулі шығын болғаны сөзсіз. Дегенмен аудан әлеуетіне әл берер басқа бағыттардағы жұмыстар өз жемісін беруде. Он айда қазынаға 1,59 млрд теңге қаржы түскен. Жоғары жақтың бюджетінен мақсатты трансфетінен 2,241 млрд теңге құйылыпты. Сәтті жүзеге асқан жобалар да бар.
«Агроөнеркәсіп кешені саласында 140 млн теңгеге үш инвестициялық жоба іске асты. Атап айтсақ, «Айдала» және «Фар-Агро» ЖШС-лері жалпы сомасы 95 млн теңгеге бидай суарудың заманауи жүйелерін орнатса, «Айбек» ШҚ малшыларға арналған баспана салды. Келер жылы «Олжа Беляевка» ЖШС 1200 бас ІҚМ-ға шақталған сүт-тауар фермасын салмақ. Бүгінде жобалық-құндық құжаты мақұлдаудан өтті. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба аясында тағы бес жоба субсидиялалып, екі жобаға кепілдеме берілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ауданның 22 тұрғыны өтінім берді. 13 азаматтың несиесі мақұлданды. Барлығы мал шаруашылығымен айналысуға ниетті», – дейді А.Сартов.
Оның мәліметінше, бүгінде «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде 43 адам оқып жатыр. «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы аясында биыл жүз адам «қос қолға бір күрек» тапқан.
Қазір ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе, биыл Свердлов, Зуев, Танабай ауылдарына су тарту жұмыстары басталған еді. Үш жылдық жоба құны – 2,706 млрд теңге. Воробьев, Жаңасу, Бирюков ауылдарына ауыз су тарату пункті орнатылды. Бұлардың қатарына келесі жылы Темірқазық, Басбек, Осипов елді мекендері қосылады. Осы арқылы сапалы ауыз сумен қамту жоспары толық орындалмақ.
«Аудан көлемінде алты ауыл газбен қамтылған. Биыл Үлкен Чураков ауылына газ тарту жұмыстары басталды. Екі жылдық жобаға 876,5 млн теңге қарастырылған. Осы арқылы ауданда көгілдір отын игілігіне тағы 1400 адамның қолы жетпек», – дейді аудан әкімі.
Биыл жергілікті маңыздағы жолдар мен ауыл көшелерін жөндеуге және күтіміне 772 млн теңге бөлінген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл Үлкен Чураковта 3 көше қалыпқа келтірілген. Облыс бюджеті есебінен Щербаков, Силантьев ауылдарында жеті көше жөнделіп жатыр. Аудандық маңыздағы Зуев-Танабай-Воробьев тас жолын орташа жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. Екі жылдық жобаның құны – 826,8 млн теңге. Биыл бұл қаржының 329 млн теңгесі игерілген. Бұған қоса, Щербаков-Сатай ауылдары аралығындағы тас жол құрылысы аяқталуға жақын қалды.
Газетімізде бұған дейін де жазғанымыздай, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Үлкен Чураков ауылында ауылдық мәдениет үйінің іргесі қаланып жатыр. Екі жылға белгіленген құрылысқа 404 млн теңге бағытталған. Бұдан бөлек, Қызыл Кордон ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілмек.
Соңғы жылдары аудан тұрғындары жайылымдық жерлердің тарылып бара жатқанын мәселе етіп көтерген еді. «Қостанай таңы» тілшісі А.Сартовтан осы мәселе төңірегінде қандай жұмыстардың атқарылғанын сұрады.
«Жалпы алғанда, қазір аудан көлемінде жаппай тапшылық жоқ дей аламын. Өйткені малды жайылымсыз қалдырмауды ұдайы бақылауда ұстаймыз. Бірақ мұндей мәселе Докучаев және Танабай ауылдарына тән екеі рас. Танабайдағы мәселені толық шештік. Ауыл тұрғындары үшін мемлекет тарапынан жер бөлдік. Енді Докучаев елді мекені қалып отыр. Мұнда жайылым жетіспеушілігі әлі өзекті болып тұр. Осы түйткілді біржақты ету үшін ауылдағы бірнеше шаруа қожалығымен меморандум аясында жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деп жауап берді ол.
Аудан басшысының айтуынша, кейбір жайылымның шөбі тамырынан қурап, мал жаюға жарамсыз болып қалған, сондықтан өрістерді «жасарту» шараларын қолға алу қажет-ақ. Бірақ бұл көп еңбек пен салмақты қаржыны талап ететін жұмыс екен. Қазір ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірігіп, жайылымдарды күтіп ұстауға мән беріп отырмыз дегенді айтады аудан әкімі.