Жылдың басы Наурыз келдi. Әз-Наурызбен бiрге кiретiн құт-берекенi күтедi көшпелi ұлттың ұрпағы. Жаңарған, жасарған, нұрланған Наурыз көктемдi елдiң ерекше күтетiнi бекер емес.
Осымен екінші жыл қатарынан облыс орталығының тұрғындары көпқабатты үйлердің аулаларында киіз үй тігіп, мейрамды барша сән-салатанатымен атап өтуде.
Былтыр әз наурыз мейрамы 13 аулада ұйымдастырылса, үстіміздегі жылы олардың саны 17-ге жетіп, барлығы 26 көпқабатты баспананың тұрғындарын біріктірген. КСК шағын ауданындағы Керемет тұрғын үй кешенінде бұл мейрам кезекті рет ұйымдастырылуда. Әрбір отбасы дастархан жайып, ұлттық әдет-ғұрыпты ұлықтауды дәстүрге айналдырған.
Қаһарлы қыстан аман шыққан жерлестеріміз жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда. Мерекенің көрігін аулаларында қыздырған қалалықтарды ұлыстың ұлы күнімен қала басшысы Марат Жүндібаев құтттықтады.
– Елімізде жақсы мейрам барлық жерде тойланып жатыр. Наурыз – жылдың басы, жақсылықтың бастауы. Елімізде жұзден аса ұлт пен ұлыс мекен етеді. Өткен жыл Қостанай қаласы үшін оңай болған жоқ. Су тасқыны болды Дегенмен халқымыздың бірлігі мен еңбегінің арқасында қиындықтарды еңсердік. Аулаларыңызда осындай керемет мереке ұйымдастырып, ат салысқандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Отбастарыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін!, – деді қала әкімі Марат Қонысбайұлы.
Ыстық бауырсақ, палау, бесбармақ пен наурыз мерекесінің басты тағамы – наурыз көже. Келген құдайы қонақтар міндетті түрде майлы дастарханнан ауыз тиіп, ақсақалдың батасын алды.
Мейрам кішкентай қалалықтар үшін тіптен қызық. Тұрғындар балғындарға арнап ұлттық ойындар ұйымдастырып, көрші-қолаңның арасындағы ынтымақ нығая түсті. Әз-наурызды атап өтуге Керемет тұрғын үй кешенінің тұрғыны тоқсан екі жастағы Күміс алқа иегері Жамила әжеміз де немерелерін ертіп келіпті. Әжеміз бұл аулада екі жылдан астам уақыт тұрады. Көршілерімен туысындай араласатын ана осындай мейрамдарда бас қосқанды жөн санайды. Жиналған көрші-көлемге ақ батасын берді.
– Наурыз тойы ауламызға келіп қалды. Ел іргесі аман, дастарқанымыз берекелі болсын! Басымызға амандық, асымызға адалдық берсін! Наурыз тойы ұзағынан болсын!, – деп ақ тілегін жеткізді ақжаулықты әже.
Бұл күні дәстүрлі тұсау кесер рәсімі де өтті. Кешеннің ең кішкентай тұрғыны Айтөре Айдосұлының тұсауын қала әкімі Марат Жүндібаев кесті.
Кішкентай батыр көп заттың ішінен қамшыны таңдап, үлкендер оны «ел тізгінін ұстар азамат болсын» деп өзара ырымдап жатты.
– Биыл екінші рет ұйымдастырып жатырмыз. Төрт үйдің тұрғындары атсалысып жатыр. Бес жүзге жуық адам жиналды. Төрт күн дайындалып, әркім өз үлестерін қосты. Бірі бауырсақ пісірсе, бірі ет қамына кірісті. Ұйымшылдықтың арқасында осындай тамаша мереке ұйымдастыра алдық, – дейді Керемет тұрғын үй кешенінің мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Ғалия Иманалина.
Мұнда тұрғындарға арналып, мерекелік концерт қойылды. Ал, тепсе темір үзетін жігіттер өз күштерін спорттық шараларда сынады. Арқан тартты, гір көтерді. Қайнаған қазан, жайылған дастархан, ақ баталы аталар, ақ жаулықты аналар, кимешекті келіншек, сәукелелі ару, дулығалы азамат, бәрі-бәрі осы жерден табылды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Бекзат ӨМІРБЕК,
ҚӨУ студенті
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ