Бүгін Қостанай ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Алтын Дала елді мекенінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатпен аталып өтті.
Бұл күні әр көше өз өнерлерін көрсетіп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғыртып, киіз үйлер тігіп, мерекенің шырайын ашуға атсалысты.
Мәдениет үйінің қызметкерлері ән айтып, би билеп, ауыл жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Үлкендер жағы бір-бірін құттықтап, ақ тілектерін жаудырып, мәре-сәре күй кешті.
Ауылдағы осы іс-шараның демеушісі Сағындық Байданұлы:
“Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын, еліміз көркейіп, халқымыз татулық пен бірлікте өмір сүре берсін. Елімізді даудамайдан, түрлі қиыншылықтардан сақтасын. Жылдан-жылға қазақи дәстүрімізді жаңғыртып, осындай қуанышты сәттерде бас қосуға жазсын. Баршаңызға амандық, саулық, бақыт тілеймін!” – деп ізгі тілегін білдірді.
Сондай-ақ, ауылымыздың ардақты ақ жаулықты әжесі Асылгүл Темірғалиқызы да Наурыз мерекесінде өз тілегін айтып, жастарға ақ батасын берді:
“Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, береке мен бірліктің бастауы. Бүгінгі қуанышты күнде әр шаңыраққа құт-береке, ырыс-несібе тілеймін. Жастарымыз аман болып, ата-баба салтын жалғап, елін сүйетін азамат болсын! Әрдайым ынтымақ пен береке орнап, қазақтың дәстүрі мәңгі жасай берсін!” – деп батасын берді.
Ауыл әкімі Алтынсарин Жанай мерекелік іс-шараларға ерекше мән беріп, ауыл тұрғындарының ұйымшылдығына ризашылығын білдірді:
“Алтын Дала ауылының бірлігіне таңғалуға болады. Себебі ауылдағы барлық жеті көше бұл мерекеге ерекше атсалысып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттады. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленді, қазақтың салт-дәстүрлері жаңғыртылды. Бұл – өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, керісінше дамытудың жарқын көрінісі”, – деді ол.
Бұл күн ауыл тұрғындары үшін тек мереке ғана емес, ұлттық рухты көтеретін, халықтың бірлігін нығайтатын ерекше күн болды. Ұлыстың ұлы күні баршаға жақсылығын әкелсін!
Диана Алмасқызы
ҚӨУ студенті