Қала тұрғындары төл мерекемізді өз аулаларында атап өтуде

Қала тұрғындары төл мерекемізді өз аулаларында атап өтуде

Былтырдан бастап әз наурызды тойлайтын тағы бір алаң орталықтағы – Баймағамбетов 162 мен Әл-Фараби 85-ші тұрғын үйінің тұрғындары.

Мұнда есік алдына киіз үй тігіліп, қазанға палау пісіріліп, мерекелік концерт қойылды.

 

Ал, ауладағы балалар өз күштерін спорттық шараларда сынады.

Наурыз көже әзірлеп, ұлттық мейрамды ұлықтау көршілердің жылдағы дәстүрі екен. Мерекені ұйымдастыруға 250-ге жуық тұрғын ат салысқан.

Аула алаңына Наурызды тойламаққа барлық тұрғындар атсалысты. Думанға жиылған жұрттың жүздерінен жылу, көздерінен қуаныш лебі есіп тұр. Тіпті өзге ұлт өкілдері де ұлттық киім киген. Дәл осы күні қазақтың ұлттық құндылықтары мен дәстүрі дәріптелді. Киіз тігілді, мерекенің сәнін кіргізді.

Әнұран ойналып, еліміздің көк туы көкке көтерілді. Түске таман іс-шараны бастап кетіпті.

«Ынтымағы жарасқан жұртшылық биыл екінші рет Наурыз мейрамын өз аулаларында атап өтуде. Төл мерекеде көпқабатты үйлердің маңы ойын-сауыққа толады. Биыл да дастархан жайылып, балаларға арнап спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Наурыз көже дайындалып, бір қазан палау басылды», – дейді «Центр Парк» мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Ілияс Ахметов.

Бұл бастаманы аула тұрғындары да бірден іліп әкеткен.

«Ауламызда дүрілдетіп Ұлыстың ұлы күнін атап өтіп жатырмыз. Керемет емес пе?! Кереметтей көңіліңді жадыратар мейрам. Бүгінгі орны бөлек мереке, жалпыхалықтық мейрам – әз-Наурыз құтты болсын! Отбасыларыңыз жанға, жүректеріңіз нұрға толсын! Түрлі ұлттар бір кісінің баласындай тату-тәтті тойлап жатыр, – дейді Әл-Фараби 85 тұрғын үйдің тұрғыны Әуез Баязид.

Наурыз – көне салт, жоралғылар жаңғырған мейрам. Өнерлі жастар жұртшылықты әнмен баураса, ұлттық ойындар мерекенің көрігін қыздырды.

 

Әсіресе, асық атқан балалардың сайысы көптің делебесін қоздырды. Ең мықты дегеніне сый-сияпат көрсетілді.

«Әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Халқымызға тыныштық берсін. Көк аспанның астында осындай той-думандар өтсін дейміз. Наурыздан басқа бізде тұрғындар әр мереке сайын жиналамыз. Жаңа жылда болмасын. Сырғанақ ұйымдастырамыз балаларға, – дейді осы үйдің тұрғыны Асылхан Едіресұлы.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Бағдат Мұсабек

ҚӨУ студенті

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу