Ұлттық тағамдар фестивалі өтті

Ұлттық тағамдар фестивалі өтті

Байқау Арқалық қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір» клубында 1 қазан мен 1 қараша аралығындағы «Егде жастағы азаматтарға қолдау көрсету» айлығы аясында ұйымдастырылды.

Байқауға ақ жаулықты әже қатысып, ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды дайындап әкелді. Әжелер әр тағамның дайындалу әдісін көпшілікпен бөлісті. Уыз, балқаймақ, құрттың түр-түрі, кісе нан, айран, жент, екі түрлі ірімшік сияқты дәмдерді әділқазылар алқасына ұсынды. Әділқазы мүшелері әжелердің еңбегін әділ бағалап, фестивальге қатысушы әр әже мадақтау грамотасы және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Клуб белсенділері ән айтып, көрермендер мен байқауға қатысушы әжелердің көңілін көтерді. Байқау соңында қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Түбекбай Әубәкіров әжелерге ұйым және өз тарапынан алғысын білдірді.

   «Белсенді ұзақ өмір клубы қаламызда екінші жыл жұмыс жасап жатыр. Клубқа 50-60 зейнеткер тартылды. Аталарымыз бильярд, шахмат, теннис ойнайды. Әжелеріміз дүйсенбі күні еңбек терапиясымен, сейсенбі күні музыкамен айналысады. Сондай-ақ, сәрсенбі күні бассейнге арнайы көлікпен барады, бейсенбі күні йога жаттығулары, жұма күні скандинавиялық жүру сағаты болады», — дейді «Белсенді ұзақ өмір» клубының үйлестірушісі Сұлушаш Әбдібек.

blankФестивальге қатысқан әжелерге жеке-бөлек тоқтала кеткен жөн. Әсия Ниязбекова — қатырған уыз, құймақ, қазы-қарта, Ұрқия Қарарова — бауырсақ, құрткөже, жент, Несіп Әлкенова — жент, құрткөже, кісе нан, Айтқаным Әбдірахман — балқаймақ, қуырған қант, екі түрлі құрт, талқан, Савия Галиева (башқұрт ұлтының өкілі) — айран, екі түрлі көже, бауырсақ, Төлеу Мұқанова Наурыз көже, жент, сары май жасап әкеліп, ұлттық тағамдарды кеңінен насихаттады. blankҰлттық тағамдарды ұлықтаған аналар ақшалай сыйлықпен және мадақтама грамоталарымен марапатталды.blank

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ