Биыл арқалықтық диқандар егіннен жақсы өнім алып, қамба басын қарайтты. Егін еккен шаруашылықтардың ең төмені гектарына 8 центнерден өнім алды. Ең жоғары көрсеткіш гектарына 20-26 центнерге дейін барады.
Жалпы, қала бойынша орташа егін түсімі гектарына 12 центнерден айналады деген жоспар бар. Қазіргі уақытта өнімнің қанша алынғаны есептеліп жатыр. Шаруа ағайындар өздерінің қорытынды есептерін шығарып, таяу аралықта жариялайтын болады.
«Статистикалық есепті тапсырып жатқандары да бар. Былтырғыға қарағанда биыл өнімділік жақсы. Былтыр гектарына орташа өнімділігі 10,2 центнерден алған болатынбыз. Мұның әсері жазғы уақытта жауын-шашынның жақсы жаууына байланысты. Кейбір шаруа қожалықтары өздерінің жерлерін өңдеп, минералдық тыңайтқыш қолданып, тыңғылықты еңбек етуде. Оның сыртында арам шөптерге қарсы улы гербицидтер пайдалану арқылы жақсы өнім алып жатқан шаруашылықтарды да үлгі етуге болады»,-дейді Арқалық қалалық ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ғалымбек Ибрашұлы.

Аға маманның айтуынша, ауыл шаруашылық қызметкерлері биыл 300 мың гектардай бидай және бидай тұқымдас егін еккен. Оның сыртында 29 мың гектардай майлы дақылдар өсірді. Сонымен қатар, 8 мың 200 гектарға жем-шөп екті. Картоп салып, бау-бақша қамдады. Қазір күзгі жиын-терімнің бәрі аяқталып, қорытындысы тиянақталып, есептеліп жатыр.
Қамбасын астыққа толытырып, көңілі марқайып отырған шаруа ағайындар аз емес. Солардың бірі – «BIGGRAIN TIME» ЖШС. Жас серіктестіктің құрылғанына екі жылдай ғана уақыт болған. Арқалық қаласының Аңғар ауылына тиесілі 3 мың 200 гектар егістік жері бар. Мұның сыртында көрішілес Амангелді ауданының Үштоғай ауылының аумағында 2 мың гектар жерге дән егеді.
Негізінен, бидай мен мақсары (сафлор) егеді. Алғашқы егін салған жылы да гектарына 18 центнерден жақсы өнім алды. Биыл міне, бидайлары орташа есептегенде гектарына 26 центнерден өнім берді.
«Жыл жақсы болды. Бас кезінде қиыншылықтар да болмай қалмады. Себебі, егін зиянкестері көп ұшырасты. Шегіртке, киік дегендер ала жаздай маза бермеді. Соның бәрін улап, қуатынын қуып әйтеуір егінімізді әупірімдеп сақтап қалдық. Жергілікті жерден де, облыс орталығынан да жәрдем беріліп, шегірткені уласып, киікті қуысып дегендей не керек көптеп-көлемдеп экология министрлігі, «охотзомпром» барлығы атсалысты»,-дейді «BIGGRAIN TIME» ЖШС басшысы Айбек Сәкенұлы.
Қамбасын астыққа толтырған арқалықтық диқандар жайлы толығырақ газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
