Ұлттық домбыра күні Арқалық қаласында 1500 домбырашы өнер көрсетті

Ұлттық домбыра күні Арқалық қаласында 1500 домбырашы өнер көрсетті

Арқалықта «Ұлттық домбыра күні» және қала күніне орай «Домбыраның күмбірі – бар қазақтың бірлігі» атты мерекелік іс – шара өтіп, 1500 домбырашы бір мезетте күй тартты.

Орталық «Жігер» стадионында арнайы сахна құрылып, киіз үйлер тігілген ауқымды шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық аспапты дәріптеудегі ерен еңбегі үшін арқалықтықтарға облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың «Алғыс хатын» табыс етті.

Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев күй өнерінің құдіретін арнау жырымен айшықтады. Шара қонағы, Қостанай облысының құрметті азаматы Амангелді Садырбеков жылы лебізін білдірді.

Көпшілік қауым тағатсыздана күткен шақта ұзақ уақыт тынымсыз дайындықтың нәтижесінде қала мен ауылдардан түрлі сала өкілдері, студенттер, мектеп оқушыларынан құралған 1500 домбырашы жақсы дайындықпен жаппай 7 күй орындап, көрерменді айрықша әсерге бөледі.

Ел бірлігімен қолға алынған ізгілікті шараның мән – мағынасы зор. Бұл туралы қала басшысы өз құттықтауында кеңірек тоқталып өтті.

«Барымызды бағалап, тарихымызды жаңғырту жолында қасиетті Торғай елі, зиялылар мекені – Арқалық жұрты қашанда көпке үлгілі ісімен танылған.

Біз өткен жылы қаламызда «Ұлттық домбыра күніне» орай «Мың домбыра» шарасын ұйымдастырып, бір мезетте 5 күй орындалған болатын. Көпшіліктің рухын асқақтатып, ерекше сезімге бөлеген игілікті шараны биыл да жалғастырып отырмыз. Яғни, бүгінгі шараға қала мен қаламызға қарасты ауылдардың жастары, мектеп оқушылары, жалпы түрлі сала өкілдерінен құралған 1500 домбырашы үн қосты.

Оларды біріктірген бір ғана нәрсе – қасиетті домбырамызға деген құрмет, төл аспабымызға деген қызығушылық. Осы ретте, бүгінгі шараға қатысушылардың бәрі бірдей кәсіби домбырашы емес екенін айтқым келеді. Олардың 70 пайызы осы шара аясында алғаш рет домбыра тартуды үйренді. Сол домбыра тартуды алғаш үйренген оқушылардың – жастардың ұлттық аспабымызға деген қызығушылығы артып, араларынан кәсіби домбырашылар шығуы да әбден мүмкін. Бұл бір күндік қана шара емес, ұлттық аспабымызды кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауды мұрат еткен өміршең дүние»,-деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Шара қорытындысында мерекелік бағдарламаның өтуіне демеушілік жасаған меценаттарға құрмет көрсетілді. Сондай – ақ, дүбірлі шараға қатысқан «Ең жас домбырашы» – 7 жасар Айзере Сахан, «Ең қарт домбырашы» – тоқсанға қадам басқан ақсақал Кәки Ақан, «Домбырашылар әулеті» – әулетінен отызға жуық домбырашы қатысқан Бөлтіріковтер отбасы және Арқалық қаласының құрметті азаматы, қазақ ұлт-аспатар оркестрінің бас дирижеры, ҚР Мәдениет қайраткері Бораш Әбеновтерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Арқалық аспанын күйге кенелткен күмбірлі күйлер шеруі одан әрі жақында ғана «Ұлттық домбыра күні» мен Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналып өткізілген «Домбыра – думан» атты аймақтық домбырашылар байқауының гала – концертімен жалғасып, демеушілердің арқасында арнайы шақырылған қонақтар, эстрада жұлдыздары Қуандық Рахым, Шаһаризат Сейдахмет, Аргоня, Бақытжан Желдербаев, Динара Жаңабергеновалардың «Жаса, жайна Арқалық» атты концерттік бағдарламасы да мерекелік көңіл – күйді еселей түсті. Шара соңы отшашуға ұласты.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор.

Арқалық қаласы.

Жаңалықтармен бөлісу