Аманкелдіде қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу өтті

Аманкелдіде қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу өтті

31 мамыр – ашаршылық және құғын – сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Аманкелді ауданындағы А.Иманов атындағы мемориалдық музейде «Зұлмат жылдар зардабы» атты көрме қойылып, жазықсыз жапа шеккен жандардың ұрпақтарымен кездесу өткізілді.

Көрмеде 1921-1928 жылдар аралығындағы жаппай тәркілеу, 1930-1932 жылдардағы ашаршылық туралы деректер беріліп, аудан көлемінен қудаланған қуғын – сүргін құрбандарының фотосуретері орналасқан.

Кездесуде аға ұрпақ өкілдері сөз алып, елдің басынан кешкен нәубетті жылдарындағы құрбан болған бейкүнә жандар туралы естеліктер айтылды.

«Қоғалыкөл ауылының тұрғынымын. Сол жерде туып-өсіп ержеттім. Кезінде солақай саясаттың кесірінен еліміз бүліншілікке ұшырап, бас көтерер азаматтарымыз «Халық жауы» деген нақақ жалаға ілікті. Оның ішінде менің Бүркітов Бекіш, Бүркітов Ташпақ, Бүркітов Мұхамеджан деген үш ағайынды аталарым да болған. Өзімнің туған әкем Ыбырайды да «Халық жауы» деп ұстаған. Кейін жазықсыз екендері дәлелденіп, ақталды. Елдегі ашаршылық та қолдан жасалып, халықтың күн көріп отырған тігерге тұяғын қалдырмады. Амалсыздан халық өзегін талдырып, өлместің қамын жасап босып кетті. Көбі аштықтан қырылды. Біз әупіріммен тірі қалған аталардың ұрпақтарымыз. Енді қайтып мұндай нәубет болмасын», – дейді ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарының тікелей ұрпағы Айтуар Ыбырайұлы.

Зұлмат жылдардың зардабы ешқашан ұмытылмайды. Мемориялдық музейдің әдіскері Жалғас Торғайбекұлының айтуынша бір ғана Аманкелді ауданының өзінен 200-ден астам адам қудалау көріп, нақақтан нақақ өмірін қиған.

 Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

  Аманкелді ауданы