Қауіпті жағдай үнемі бақылауда

Қауіпті жағдай үнемі бақылауда

Өңіріміздің оңтүстік аумағы, әсіресе, Жанкелдин ауданындағы алқаптарда шегіртке қаптады. Бүгінде аталған зиянкестер бір тәулікте алты шаруа қожалығына тиесілі 10 мың гектардай аумақты отап кеткендігі жөнінде ақпарат келіп түсті. Жергілікті диқандар осыны айтып дабыл қағуда. Жер иелері тиісті органдар мәселеге назар салмаса, күнкөріске арқау болып отырған еңбектерінің еш кетететініне қынжылады.

“Шегіртке түскелі жалғыз агрегат келді, оның өзінің уы жоқ. Ана тұста жанармайы таусылып ұшақ та қаңтарылып тұр. Киіктен қорғанымыз деп жүргенде, мына жәндігі құрғыр, жан-жағымызды тып-типыл етуде”,  – жергілікті шаруа Қайрат Райысов.

Бұған қарсы қандай шаралар қолға алынып жатқаны туралы өкілетті органның жауабы төмендегідей.

Жағдайдың ушығуына байланысты облысымыздың 1 625,0 мың га аумағына зерттеу жүргізілген. Оның 445,174 мың гектарын елді мекендер алып жатса, 266,118 мың гектары шегірткеден экономикалық зиян шегудің аз-ақ алдында. Зиянкестердің ең көп таралу аймағы Жанкелдин ауданына тиесілі десек, ол шамамен 241,978 мың га аумақты алып жатыр. Мамандар оның 226,043 мың га өңделгенін айтып отыр. Ал Аманкелді ауданында шегірткеден зиян шеккен 14,275 мың га осындай өңделген жер бар.
Жанкелдин ауданы жағынан шегірткелердің Науырзым өңірінің шекаралас аймақтары мен кейбір жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егініне зиян келтіре бастағаны туралы фактілер де тіркелуде. Қазіргі уақытта алдын алу шараларының дер кезінде жүргізілуі себепті шегірткелердің негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы дақылдарынан қайтадан Жанкелдин ауданының далалық аймағына қоныс аударыпты.

Шегірткелердің пайда болуы мен таралуын бақылау бойынша жұмыстарды «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжау әдістемелік орталығы» Республикалық мемлекеттік университетінің облыстық және аудандық филиалдары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы және облыстық, аудандық Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеннің аумақтық инспекциялары, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеннің аумақтық инспекциясы облыстық басшылығы тікелей қадағалауда.

Жаңалықтармен бөлісу