Үш толқынның ізімен: қазақ топонимикасының тағдыры

Үш толқынның ізімен: қазақ топонимикасының тағдыры

Қазіргі таңда облысымыз бойынша 2024-2025 жылдарға барлығы 32 көшенің атауын өзгерту жоспары мақұлданған. Ал елді мекендер мен әлеуметтік объектілерді қайта атау және атау беру жұмыстары әзірше тоқтатылып тұр.

Егемендікке қол жеткізілген жылдан бастап осы күнге дейін жалпы облыс бойынша 14 аудан мен қаланың, 51 ауылдық округтің, кент пен ауылдың, 300 көшенің, 60 объектінің атауы өзгертілген, атау берілген. Рудный қаласында ономастика саласына қатысты түсіндіру-зерттеу жұмыстары бойынша кеңейтілген кездесуде осы тақырып аясында мәселе талқыланды. Іс-шараға белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Азаматтық Альянсы ұйымының Вице-президенті Досмахамбет Көшім арнайы келді. Ұлттық таным, тарих мәселесі сөз болған жиынға билік өкілдері, сала мамандары, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

blank blank blank

Жиынды модератор Қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досубаева ашып, ономастика саласының ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртудың маңызды құралы екенін атап өтті. Атаулар өзгерту мәселесінде науқаншылдық жат құбылыс. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды.

blank blank blank blank Осы орайда ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес атау беру, қайта атау шараларын жүргізер алдында тұрғындар арасында алдын ала кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселесіне баса назар аударылып отыр.

blank blank blank blank

blank

«Еліміздің Тәуелсіз мемлекет ретінде дамуы, ұлттық және елдік құндылықтарды қалыптастыру ономастика саласымен тікелей байланысты екендігі белгілі. Бұл бағытта ширек ғасырдай уақыт мақсатты жұмыстар атқарылғаны да мәлім, дегенмен әлі де атқарылар шаруалар жетерлік. Қазіргі уақытта ономастика елімізде ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде тек ғылыми практикалық, мәдени-тарихи ғана емес, сондай-ақ, қоғамдық саяси маңызға да ие болып отыр», – деді Жанат Досубаева.

blank

Ономастика саласының маңыздылығы, тарихи атауларды қалпына келтірудегі бағыттар, тұрғындармен жұмыс істеудің тәсілдері жан-жақты саралану қажеттігі негізгі ұстаным болу керек. Бұл туралы кездесуге келген азаматтар жан-жақты айтып берді.

blank

«Соңғы жылдары Мемлекет Басшысы Ұлттық Құрылтайда ономастика саласына ерекше назар аударуда. 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ономастика саласын ретке келтіру үшін орталықтандыру туралы айтқан болатын. Осыған сәйкес, ономастикалық жұмысты жетілдіру, біріздендіру мақсатында бірқатар шаралар қабылданып, 2024 жылы ономастикалық жұмыстар республика бойынша уақытша тоқтатылды. Тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді: бұдан былай ауылдар, ауылдық округтер атауларын өзгерту мәселесі республикалық ономастика комиссиясының келісімімен жүргізіледі. Сондай-ақ, облыс бойынша өзгертілетін атаулар жоспары міндетті түрде алдымен жоғары тұрған органдармен келісіліп отырады», – деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Әбдірахманов.

Қазіргі күні 697 есімнен тұратын «Тарихи тұлғалар» тізімі екі бөліктен, яғни республикалық және өңірлік деңгейлерде ұлықталатын есімдерден тұрады. Оған өңірімізден барлығы 44 тұлғаның есімі, 31 республикалыққа, 13 өңірлікке енгізілген. Заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер бойынша «Тарихи тұлғалар» тізімі әр екі жыл сайын өзектендіріледі, ал оған бұрын енгізілген есімдер алынып тасталады, соңғы рет 2023 жылы өңірімізге танымал 10 тұлғаның есімі енгізіліпті.

«Осы орайда әлеуметтік объектілерге, облыстық маңызы бар қалалардың құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беру барысында республикалық «Тарихи тұлғалар» тізімі, ал аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл, кенттердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау барысында өңірлік деңгейде ұлықталатын тұлғалар тізімі басшылыққа алынады. Бұдан басқа, 502 атаудан тұратын «Жер-су атаулары» тізіміне облыстан 25 жер атауы енгізілген. Ал биыл «Дәстүрлі атаулар», «Жер-су атаулары» тізімдерін өзектендіру бойынша облыстан 54 дәстүрлі және 184 жер-су атауларын енгізу туралы ұсыныс жолданды», – дейді Мэлс Әбдірахманов.

«Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет. Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз» деген Президенттің сөздеріне сай атаулар өзгерту немесе беру кезінде кісі есімдері үлесінің 30 пайыздан аспауы, құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау кезінде «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін басшылыққа алу талап етіледі.

blank

Сонымен қатар, жалпы атаулар өзгерту немесе беру кезінде елді мекеннің, көшенің, объектінің жай-күйіне, жағдайына көңіл аудару қажет. Мысалы, мектеп, ауыл болса, оның болашағы бар ма, жабылу қаупі жоқ екендігі, көшенің ұзындығы, абаттандырылуы, орналасқан жері ескерілуі тиіс екен.

«Бұл біздің 16 кездесуіміздің соңғы күні. Маман ретінде түсіндіріп өтуге тырысамыз. Елімізде атауларды ауыстырудың үш толқыны өтті. Отаршылдық кезінде көптеген елді мекендердің атаулары өзгеріп, тарихи атаулары бұзылып, аудармалары да беріле бастады. Сонымен бәрі ауысып кетті. Атауларымыздың өзгеруіне отаршылдық кезеңі әсер етті. Одан кейінгі кеңес үкіметі кезеңінде елді мекендер мен жер-су атауларының 99 пайызына жуығы өзгертілді. Бұл – екінші толқын еді. Коммунистік идеологияны насихаттау мақсатында жаңа атаулар енгізіліп, бұрынғы тарихи топонимдер жойыла бастады. Үшінші толқын – тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңіне тұспа-тұс келді. Бұл кезде де тарихи атаулар біржола ұмыт болып, жаңадан құрылған елді мекендерге басқа тілдік ортаға тән атаулар берілді. Осылайша, қазақ жерінің топонимикалық болмысы қатты өзгеріске ұшырады. Кейін Тәуелсіздік алғаннан соң ғана өткенімізді түгендеп, ұлттық жадымызды қалпына келтіру бағытында нақты жұмыстар қолға алынды. Алайда бұл бағытта қоғамда түрлі пікірлер қалыптасқан. Қарсы көзқарастар да бар. Дегенмен, бұл – табиғи үдеріс. Өйткені әрбір атаудың артында тарих, таным, ұлттық болмыс жатыр. Көшпенді қазақ халқы үшін жер атауы – жай сөз емес, ол – рухани, мәдени, тарихи мәнге ие белгі. Бізде атаусыз жер жоқ. Әр төбе, өзен, сай, жайлау – атауға ие. Сол себепті ономастика саласында аса мұқияттық пен жауапкершілік қажет. Қазіргі таңда бізге маңызды үш мәселені ұмытпау керек: идеологиялық тұрғыда ескірген атаулардан арылу – бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолы. Кейбір елді мекендерге тарихи атауларын қайтару – бірақ бұл үшін нақты тарихи-деректік дәлелдер қажет. Ғылыми негізсіз әрекет жасауға болмайды. Жеке тұлғаның есімін беру – бұл жерде ол адамның сол өңірге қатысы болуы басты талап. Тек елге еңбегі сіңген, жергілікті тарихпен байланысы бар тұлғалар ғана ескерілуі тиіс. Осы үш мәселені назарда ұстасақ, ономастика саласында жүйелі әрі әділ жұмыс жүргізуге болады», – деп Досмахамбет Көшім ономастика саласындағы республикалық деңгейдегі ахуалға кеңінен тоқталып, нақты бағыттарды атап өтті.

Мұндай кездесулер – қоғаммен ашық байланыс орнатып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Жалпы қандай да бір көшнің, жер-су атаулары өзгергенде халықтың пікірі міндетті түрде ескеріледі.

«Халық кез келген мәселеге араласып, бақылауға құқылы. Бұл – демократиялық қоғамның белгісі. Бірақ мемлекет пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті сақтау да маңызды. Өйткені мемлекеттің өзіндік идеологиялық бағыты, тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған ұлттық саясаты бар, – деді қоғам қайраткері Досмахамбет Көшім жиын барысында.

Оның айтуынша, атауларды өзгерту үшін нақты тарихи, ғылыми дәлелдер қажет. Әр атау қоғамда түсіндірумен, байыппен, әділетті негізде өзгертілуі тиіс.

«Бәрі де өз қолымызда. Әңгіме барлық нәрсені жаппай қазақшалап тастауда емес. Мәселе – әділеттілік пен лайықтылық принципінде. Егер атау берілетін адам сол атауға лайық болса, елге сіңірген еңбегімен халықтың жадында қалса – неге бермеске? Бірақ соңғы уақытта мені қатты қынжылтатын бір жайт бар: кейбір азаматтар өздерінің туған-туыстарына көше атауын алып беру үшін әрекет етіп жүр. Бұл – ономастика принциптеріне қайшы, қоғамға да кері әсерін тигізетін теріс үрдіс», – деді ол.

Ол сондай-ақ жеке тұлғалардың есімін көше, мектеп немесе елді мекен атауына беру тәртібіне де тоқталды. Қазақстанда бұл іс белгілі бір талаптарға сай жүзеге асады. Мысалы, қайтыс болған тұлғаға атау беру үшін кемінде бес жыл уақыт өтуі керек.

«Алайда көптеген дамыған елдерде мұндай атаулар тек 50 жылдан кейін ғана беріледі. Неліктен? Себебі уақыт – ең әділ төреші. Егер адам елдің есінде қалса, оның еңбегі ұрпақтан ұрпаққа беріліп жатса, онда атау беру – орынды. Мен өз басым осындай ұзақмерзімді, салмақты жүйені қолдаймын. Бұл – асығыстықтан сақтайтын, науқаншылдыққа жол бермейтін әділетті тәсіл сияқты», – деді Досмахамбет Көшім.

Жиын барысында сұрақ-жауап форматында ашық пікір алмасу өтіп, қатысушылар тарапынан маңызды ұсыныстар мен нақты бастамалар көтерілді. Бұл пікір алмасу қоғамның ономастика саласына деген қызығушылығы жоғары екенін және халықтың ел тарихына, жер атауларына бей-жай қарамайтынын көрсетті.

blankСоның ішінде айтылған маңызды ұсыныстардың бірі – ғимараттардың мекенжайы жазылғанда да оның тілдік және стилистикалық бірізділігі қатаң сақталуы керек деген талап. Қатысушылар көше атауларын дұрыс жазу, аудармада мағына бұрмаланбауы, орфографиялық және пунктуациялық қателіктерге жол берілмеуі керектігін ерекше атап өтті. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, қала келбетін де мәдениетті етіп көрсететін маңызды фактор. Жиынға қатысушылар бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі қажет екенін, әрбір атаудың артында елдің тағдыры мен тарихы жатқанын ерекше атап өтті.

Осыған орай, алдағы уақытта да осындай ашық пікір алмасулар мен ақпараттық-түсіндіру кездесулері жалғасын табатын болады. Бұл шаралар тек атау өзгерту емес, ұлттық болмысты, тарихи жадымызды сақтау жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА