Мемлекет басшысының шалғай ауылдарға сапалы медициналық қызмет көрсету туралы тапсырмасымен былтыр Әулиекөл ауданында аудандық орталық ауруханасының негізінде инсульт орталығы ашылды. Орталықтың Әулиекөл, Наурызым және Қарасу аудандарында тұратын 100 мың адамға дейін шұғыл көмекпен қамтуға мүмкіндігі бар. Бұрын тексеруден өту үшін тұрғындар жолда бірнеше сағат жүруге мәжбүр болатын. Көктемде немесе көзкөрінбес борандарда облыс орталығына жеткізу оңай емес. Ал ауру уақытты күтпейді. Енді жақын маңдағы науқастар бірден осында жеткізіліп, бар ем-дом жасалады.
Бүгінде ауруханаға келетіндер көп. Бұл орталықтың басты ерекшелігі жүрек, ми қантамырларына да операция жасалады. Ол үшін қажетті заманауи құрылғылар да алынған. Компьютерлік томография нақты диагноз қойып, дәл анықтап береді.
– Операция столы мына жұмыс панельдері арқылы басқарылады. Дәрігер сол арқылы столды қозғап, науқастың денесін өз жұмысына ыңғайлы етіп қоя алады. Сонымен қатар рентген аппаратын да жылжытып, қажетті бейнені түрлі ракурстан түсіруге болады. Мұнда бір мезгілде 30 адам жатып ем қабылдай алады. Бір жылда жүрек тамырларына 200, ми тамырларына 120 операцияға дейін жасауға болады. Жаңа жабдықты алғанымызға қуаныштымыз, енді біз диагностикалық тексерулерді өз бетімізше жүргізіп, уақыт жоғалтпай, емдейміз. Сонымен қатар, біз емделушілерге арналған 30 төсек орнаттық, сондықтан біздің аудан тұрғындары барлық қажетті көмекті бір жерден ала алады, – дейді инсульт бөлімінің меңгерушісі, 1 санатты нейрохирург Жан Беков.
Инсульт орталығының диагностикалық бөлімі General Electric Healthcare компаниясы шығарған компьютерлік томограф пен ангиографтан тұрады. Өнімділігі жоғары компьютерлік томографтың сәулелік жүктемесі төмен және оны металл имплантаттары бар науқастарды диагностикалау үшін пайдалануға болады. Заманауи шешімдерді қолдану арқылы дәрігерлер аз уақыт ішінде көбірек зерттеулер орындауға және науқастар ағынын тиімдірек басқаруға мүмкіндік алады. Ангиограф қан тамырларын зерттеуге арналған және оларды үлкен шолу бұрышында бейнелеу мүмкіндігін қолдайды. Қазіргі уақытта барлық жабдықтар орнатылып, операциялар сәтті жасалып жатыр.
Соңғы бір жыл ішінде 243 ота жасалған. Соның 181-і жүрек қантамырға, 62-і бас-ми қантамыр жүйесіне өткізілген.
– Қазіргі таңда әлемдік статистика бойынша қантамыр аурулары көбейіп келеді. Олардың басым бөлігін жүрек және бас-ми қантамыр аурулары құрайды. Инфаркт және инсультпен түсіп жатқандар аз емес. Осыған байланысты сәйкесінше өлім-жітім көрсеткіштері де жоғары. Қан тамырының қысымы – ең көп тараған сырқаттың бірі. Статистика бойынша елімізде әрбір оныншы адам ауырады десе де болар. Көбіне жастар жүрек талмасымен ауырып жатады. Оның себебі зиянды әдеттерге үйір болу. Онымен қоса гиподинамия, қоршаған ортаның әсері, спортпен айналыспау да көп әсер етеді. Адам ағзасындағы қан айналымы бұзылса, жүрек қан тамырлары тартылып, жіңішкергенде, қаны қоюланса қысым көтеріледі. Бұл көбіне аз қимылдайтын адамдарда жиі кездеседі. Бір орында көп отыратын немесе кешке дейін бас көтермей төсекте жататын адамның ағзасындағы, тамырлардағы қан қоюланады да, ішкі температураның әсерімен қысымы жоғарылайды. Осындайда адамның басы ауырып, мазасы кетеді. Сондықтан денсаулықты күткен жөн, – деп ескертеді дәрігер.
Ауруханадағы бірінші шешімді күткен мәселе – кадр тапшылығы. Дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері келсе жас мамандарды қарсы алуға бар жағдай жасалады.
«Бізге дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері қажет. Қазіргі кезде бар мамандар науқастарға көмек беруде. Сосын ауырмаудың жолын ойласақ деймін. Спортпен шұғылданып, зиянды әдеттерден алшақ болғанымыз жөн. Дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті уақытында ішіп тұру керек. Жіңішкерген қан тамырлары кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін. Сонымен қатар қан қысымы ауруының алдын алудың бірден бір жолы – кешкі уақытта жарты сағат болсын жаяу жүріп, серуен құру. Күні бойы аяғына тыным жоқ адамдар көп жүрдік деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Бірқалыпты жүріспен 500 метр болсын жаяу жүру денсаулыққа өте пайдалы. «Денсаулық – бірінші байлық» деп тегін айтпаған. Сондықтан ақ халатты жандардың алдына түспеуді ойлайық», – деп кеңесін берді мұндағы мамандар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Әулиекөл ауданы