Үкілі тақия: оның киесі мен иесі бар

Үкілі тақия: оның киесі мен иесі бар

Соңғы уақытта түрлі жиындарда, той-мерекелерде, тіпті, көшеден қыз балалар бен келіншектердің басына тақия киіп жүруі әдетке айналды. Алайда, көпшілік арасында трендке айналған бас киімді киюдің өзіндік тәртібі мен талғамы барын ұмытып кеткендейміз бе, қалай? Жалпы, тақияны қай жастағы әйел заты қолдану керек?

Осы тақырып төңірегінде белгілі этнограф ағамыздың, сәнгер апамыз бен дәстүрімізді жандандырып жүрген құрбымыздың пікірлерін білген болатынбыз.

 Әр кезеңіне сай бас киімі болған

Ал, бүгінде ше, біз қайтып жүрміз? Бұрындары тақияны сарықарын әйелдер емес, бүлдіршін қыздар мен тұрмысқа шықпаған бойжеткендер кигенін ұмытып кеттік. Әйел затының әр кезеңіне сай бас киімі болған. Қазақ бас киіміне қарап, қай тапқа, қай руға жататындығын және әйел затының тұрмысқа шықпаған қыз-келіншек екенін бірден таныған. Бұл белгілі этнограф Шөптібай Байділдин ағамыздың пікірі.

– Қыз балаға бойжеткеннен кейін басына тақия кигізеді. Кәмелетке жақындағанға дейін қыздың басына тақияның үстіне үкі тағып қояды. Үкі тағу деген тіл-көзден сақтайды деп ырымдаған. Қыз бала өзі жарқырап тұрады. Кіріп келгенде біреулер танданады, біреудің көзінің, тілінің сұғы өтеді. Сондықтан, қараған адамның көзінің сұғы бойжеткеннің басындағы үкіге көзі түседі. Үкі қасиетті құс. Үкі жүрген жерде шағатын хайуандар жүрмейді. Аспаннан неше түрлі зиянды энергия қыздың шашына түседі. Содан да қорғайды. Жаратқанның берген түрін әлем-жәлем қылып, шашын дода-дода қылып жүреді. Шаш жан-жақтағы жын-шайтанды шақырады. Оның бәрі талай айтылып жүр ғой, бірақ оған ешкім мән беріп жүрген жоқ. Мәселен, шешен халқының қыздары, әйелдері орамалды әдеміліп мойнына дейін байлап тартады. Біріншіден, ананың денесіне таза, иіс-қоңыс, шаң-тозаң жоламайды. Әйелдің денесінің жабық жүруі көркін, қасиетін, киесін, сұлулығын сақтайды. Екіншіден, жабу арқылы ер адамды өзіне тәуелді етеді. Анадай жабық затқа ешкімнің қолы жете бермейді. Сол үшін құмар болады. Сондықтан, тақия киелі зат. Сосын қыз бала ұзатылғанға дейін тақияны киеді, болмаса алқымнан байлап орамал тартады. Тақияны салтанатты жерге, тойға киеді. Келіншектердің тақия кию лайықсыз. Олар басына орамал тартуы керек. Әдемілеп орамалды әр түрлі форматта тағуға болады. Орта жаста болса жаулықты артына қайырып тартса қандай жарасымды. Болмаса айналдырып маңдайынан аппақ қылып түйіп қой. Тақия қыз балаға арналған. Ал үй шаруасындағы адамның тақия киюуін түсінбеймін. Реті осы екен деп кие беруге болмайды. Әдемілеп орамалды тартып жүрсе, қандай жақсы. Ақ жаулық тартып жүрген әйел адамға қандай сәнді. Ал, жаулықты тартудың да сән-салтанаты бар. Қалай болса солай қоқитып жабу құсап, жаба салуға болмайды. Әдемілеп тартатын келіншектер бар ғой. Соларға қарап қолданса, әйел адамға парасат, көрік беріп тұрады. Адам жас ерекшелігіне сай өзіне лайықтысын тандауы керек, – дейді белгілі этнограф, қолөнерші Шөптібай Байділдин.

Жарнамасы жер жарады

Трендке айналып, көпшіліктің басында хит болып жүрген тақияны еш қиындықсыз табуға болады. Алғашында тақияның бағасы 6500-7000 теңгені құраса, қазір 4000 теңгеге де таба аласыз. Сауда алаңына айналған әлеуметтік желілерде де тақия кигендер мен оны жарнамалаушылардың қарасы қалың. Тіпті «түстер үйлесімін сақтай алсаңыз, кез келген киіммен киюге болатынын» да жарыса айтуда.

Малика Төлемісова, «Сұлтан» сән ательесінің директоры:

– Қазір көшеде тақия көрген жасты да, жасамысын да, көрсем құптаймын. Бізде халықтың рухы енді ғана оянып жатырғандай. Ұлттық киімдерімді тұрмыста киіп жатсақ жақсы емес пе? Ұлттық сананың оянғаны деп білемін. Бір кездері 22 наурыз жақындағанда ұлттық қамзолға тапсырыс берген кезде, бір күнде қазақ боламыз деп ашуланушы едім. Қазір көшеде тақия киіп жүрген қыз-келіншектерді көрсем қуанатын болдым. Мен бүкіл өмірімді еуропалық стилдегі костюмді әзірлеуге жұмсадым. Заманауи ұлттық киімдеріміз қандай керемет. Тұрмысқа қолайлысын үстілеріне киіп жатқаны мені қуантады. Басқа ұлттарды қараңызшы, өзбектер өздерінің ұлттық киімдерін үстінен тастамайды.

«Менің авторлық кимешегім бар»

Жадыра Жұмакүлбай, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі:.

«Біріншіден, кимешек киюімнің себебі ана болғандықтан қазақта шариғат бойынша әйел адам басын ашып жүрмеген. Құранда әйел адам әуретті жерлерін жауып жүрсін деп жазылған.  Құранда жазылған Алланың сөзі бар Хижрат сүресінде әртүрлі ұлттарды жаратқандығын және ол ұлттар бір-бірінен өздерінің ұлттық белгілері арқылы ажыратылатынын анық білсін деп ерекше сипат берген. Сондықтан, біздің қазақ ретіндегі сипатымыз мәселен, мұсылман халықтары дүниежүзінде көп, оларды бір-бірінен ұлттық киімі, ұлттық дәстүрі, санасы арқылы ажыратамыз. Киімге келген кезде қазақтың әйелдері кимешек киген, орамал, жаулық таққан. Ал, кимешектің астарында үлкен мән жатыр. Кимешек әйел адамның жас мөлшеріне, дәрежесіне байланысты бөлінген. Негізі алғаш рет ана атанған әйел заты киген. Сондықтан, мен де сол ата дәстүрімізден, халқымыздың салт-санасынан аттамай, өзіміздің ұлтымызға сай киінгім келді. Тағы мысал, қазір бұрынғы кимешекті киіп жүре алмайсың ғой.
«Заманына қарай адамы» дегендей киіз үйде, далада жүрген қазақ емеспіз. Бізге заманға қарай, тұрмыс-тіршілікке қарай икемге сай болғаны дұрыс. Көп дүние неге заманның бір өзгерісіне ұшырап өзгерді. Бұрынғы заттардың барлығын тұтына бермейміз. Сондықтан осыдан 2-3 жыл өзімнің үлгімде өз кимешегімді ойлап таптым. Сосын жарты жылдан кейін шығару мүмкіндігі ойыма келді. Балаларым мені апатай деп атағандықтан, брендтің атын да «апатай» деп атауды жөн көрдім. Неге? Апатай деген сөздің өзі еліміздің кейбір аймақтарында «ана» дегенді білдіреді. Сол бір ана атанған сәттің нышаны ретінде өзімнің авторлық кимешегімді шығарған едім. Кимешектің өзінде шылаушы болады ғой басында оралып тұратын. Айта кетейін, оның ғибраты бар. Мысалы жолда, сапарда бара жатқанда әйел адам дүниеден озса, сол шылауыштың ұзын болуы оның ақыреті, яғни жолда жаназасын шығаруға ыңғайлы болу қажет болған. Ата-бабамыз көшпелі халық болды. Бірақ, қазір сала-құлаш шылауышпен жүре алмайсың. Ыңғайсыз, ыстықтатады. Сондықтан мен сол кимешектің қалпын сақтай отырып, заманауи түрін ойлап таптым.

Тақия киюге менің ешқандай қарсылығым жоқ. Бізде осы қоғамда сондай бір қасаң пікір бар. Мысалы тақияны жас қыздар киген. Келіншектер оны не үшін киеді? Орта жастағылар да киіп алыпты. Бұны шыны керек, проблема қылып көтерудің керегі жоқ. Әрине біз этнографиялық тұрғыда қазақты еркектерінің де, әйелдерінің де бас киімдері адамның жас мөлшеріне сай киілгенін, тарихын және әр жас мөлшеріне сай өзінің бас киімі болғанын білеміз. Бірақ, біз оны сақтап жүргеніміз жоқ. Біз қазір бүкіл бас киімді киіп жүреміз. Кимешектің өзін енді-енді ғана былай айтқанда сәнге айнала бастады. Оның үстіне осындай намаз оқып, кәдімгідей шариғатты ұстанып, қазақи ата жолымызды ұстанып жүрген келіншектер, апаларымыз кие бастағандықтан жаңғыра бастады ма? Небір сәнгерлер, дизайнерлер өзгертіп заманауи қылып шығарғаннан кейін кие бастадым ма? Тақияда сондай бір заманауи өзгеріске ұшырап сәнге айналды. Оны бәрі қызығып кие бастады. Сондай бір сәнге шыққан кезде оны киюдің қажеті жоқ. Ұнатқан адам киеді. Мен өз басым жасыма қатысты емес ұнаса, қаласам киетін едім. Мәселен, мен неге кимеймін? Өйткені, менің авторлық кимешегім бар. Жарқырап сонымен жүргім келеді.

Қазір біз Англияда тұрып жатырмыз. Бір байқағаным, еуропалықтар киімге мүлдем мән бермейді. Не киіп жүрсің, тіпті ұлтың қандай, терің, түсің қандай, қандай адамсың деген секілділерге мүлдем мән бермейді, тек қана сен адам ретінде жақсы адамсың ба және маман ретінде мықтысың ба? Соған ғана мән береді. Бізде де сондай түсінік болуы керек секілді. Ондай түсінік болмаған жерде біз материалдық дүниемен бағалап, санаса береміз. Тақияны қыз бала киюі керек, келіншектер кимеуі керек деген әңгіме сол материалдық бағалаудың нәтижесінде туған әңгіме ғой. Сондықтан кім не кисе де, жарасып тұрса болды», – дейді Жадыра Жұмакүлбай.

Дәстүрдің озығы мен тозығы бар. Жаңғырғаны жақсы-ақ. Алайда төрде тұрар тақияны орынсыз қолданып, оның қадірін қашырып, құнын жойып алмасақ болғаны. Ал, сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

 Қиынды-Тақия – барқыт, қамқа немесе оқалы паршадан жасалған жеңіл жазғы бас киім. Қыздар киген тақия – кестелеп, сырып тігілген дөңгелек, жеңіл бас киім. Үкілі тақия қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін бас киімі. Ол ұлттық өрнек мәнеріне тігілуіне қарай әр түрлі болған. Қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, жасыл тағы басқа түстермен, шұға, барқыт, мәуіті сияқты маталармен тігіледі. Түрлі-түсті моншақ-маржан, алтын, күміс теңгелер және асыл тастармен безендіріледі. Үкінің үлпілдек қауырсынын әсемдік үшін тақияның төбесіне қадайды.

 

Жаңалықтармен бөлісу