ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?

Көктемгі дала жұмыстарының алдында қостанайлық фермерлер елеулі қиындыққа тап болғалы тұр. Өйткені, былтырғы алынған ірі мөлшердегі  несиелерін жабуы керек. Олардың “Аграрлық несие корпорациясы”  мен “Азық-түлік корпорациясы” Ұлттық компаниясы  алдындағы берешегі  жеті миллиард теңгеге жуықтаған.

“Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады”.  Ауыл шаруашылығы  тауар өндірушілері несиелерді бір жылға ұзарту жағдайды өзгертпейді дейді. Сондықтан,   қарыз қайтару мерзімін бес-жеті  жылға дейін ұзартып, алыс-берісті қайта құрылымдауға қатысты ұсыныс айтып отыр. Сонда ғана тығырықтан шығуға болады. 2023 жылы “Агробизнес” бағдарламасы арқылы  22%-пен несие алған шаруалардың  қаржылық жағдайы сын көтермейді. Яғни, олар жоғары процентпен берілген несиелерін өтеу мүмкін болмай тұрғандығын айтады.

Облыс  агроөнеркәсіптік кешені  кеңесінің кезекті  отырысында Ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерімен айналысатын Светлана Михайленко фермерлер тарапынан проценттік  мөлшерлемені субсидиялауды күтпей-ақ, керісінше қаржы институттарына кредит беру шарттарын қайта қарау туралы ұсыныс айтты. Әйтпесе, алдағы күзде жағдай шиеленісе түсуі бек-мүмкін.

“Аграрлық несие корпорациясы”  Қостанай бөлімшесінің басшысы Олег Рабченюк те несиелеу тетігін өзгерту тәрізді  директивалық ұсыныстарын алға тартты. Ол 67 ауыл шаруашылығы кәсіпорыны  үшін жалпы көлемі 3,7 миллиард теңгеден астам кредиттің ұзартылғанын  хабарлады.  Заңнамалық түзетулер енгізілген жағдайда мөлшерлемені одан әрі 6% – ке дейін төмендету мүмкіндігі бар.

“Азық-түлік корпорациясы ” ҰК” жергілікті филиалының жетекшісі  Алмат Шаяхметов өткен жылы 52 ауыл шаруашылығы кәсіпорнының 42% – іне 3,1 миллиард теңгеден астам қарызды қайтару мерзімі  ұзартылғанын айтты. Ол екі жақты диалогқа дайын екенін және қарызының жартысынан көбін өтей алатын фермерлер үшін қолайлы шарттарды, соның ішінде келесі жылғы форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысу мүмкіндігін ұсынды.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу