Өңірге белгілі азамат Әзмұқан Тұрсынов өмірден өтті

Өңірге белгілі азамат Әзмұқан Тұрсынов өмірден өтті

Бүгін 68 жасқа қараған шағында Әзмұқан Жанәбілұлы Тұрсынов қайтыс болды. Ол 1956 жылы 28-маусымда Қарасу ауданындағы Қарасу кентінде дүниеге келген.

1973 жылы Қарасу орта мектебін бітіріп, Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Әзмұқан Жанәбілұлы өзінің еңбек жолын Қарасудағы ПМК-1302 мекемесінде бригадир-есепшіліктен бастады. Кейін учаске мастері болып еңбек етті. Ол бала кезінен құрылысшы болуды армандайтын. Ә.Тұрсынов өзінің сол арманын туған жерінде қолға алды. Әзмұқан Жанәбілұлы кезінде “Қойбағар”  кеңшарының  аға прорабы, Қарасу ПМК-1302 бастығы, “Село құрылысы” ЖШС директоры болды. Ол өңірдің құрылыс саласында өзіндік қолтаңба қалдырған тұлға. Көптеген маңызды әлеуметтік нысанда, ғимараттар мен тұрғын үйлерде оның алақанының табы қалды. Аудан төңірегінде бірқатар нысанды қайта жаңғыртып, заман талабына сай жөндеп берді.  Әзмұқан Тұрсынов аудан орталығында 18, 8 және 4 пәтерлі үйлер салды.  Бүгінде онда жерлестері тұрып жатыр.  Балабақша, спорт мектебі (Ол он жылдан астам уақыт бойы Қарасу аудандық пауэрлифтинг және бодибилдинг федерациясын басқарды), Мәдениет үйі, мешіт және басқа да көптеген әлеуметтік және мәдени нысанның бой көтеруіне ықпал етті. Әзмұқан Жанәбілұлы өзі салған нысандардың халыққа қызмет етіп келе жатқанына шынайы қуана білетін. Ол зейнеткерлікке шыққанға дейін  “Сельхозкомплект” ЖШС басқарды. Облыстық “Қостанай таңы” газетінің ұжымы Әзмұқан Жанәбілұлының қайтыс болуына байланысты, оның отбасы мен туған-туыстарына, бауырларына қайғысына ортақтасып көңіл айтады.

“Қостанай таңы” газетінің редакциясы

Жаңалықтармен бөлісу