Туған жерге тағзым: Амангелдіде ағаш отырғызған азаматтар енді оның күтіміне де жауапты

Туған жерге тағзым: Амангелдіде ағаш отырғызған азаматтар енді оның күтіміне де жауапты

Амангелді ауданында туған жерге деген құрмет сөзбен емес, нақты іспен көрініс тапты. 1969 жылы туған азаматтар аудандық демалыс саябағын көгалдандыруға атсалысып қана қоймай, отырғызылған талдар жайқалып өскенше күтім жасауға да міндеттеме алды.

Игі бастаманың мақсаты – туған өлкенің көркін арттырып, тұрғындарға жайлы демалыс орнын қалыптастыру. Азаматтар саябақ аумағын абаттандыруға үлес қосып, жасыл желекті көбейтуге бағытталған жұмыстарды қолға алды.

blank

Алайда олардың бастамасы ағаш отырғызумен шектелмейді. Жерлестер жас талдар тамыр жайып, бой көтергенше тұрақты түрде су құюды, олардың жай-күйін бақылауды және ағаштарды қорғайтын қоршаулардың ашық қалмауын қадағалауды өз міндеттеріне алып отыр.

Бұл – туған жердің гүлденуіне бір күндік еңбекпен емес, ұзақ мерзімді қамқорлықпен үлес қосудың үлгісі. Өйткені ағаш отырғызу – істің бастауы болса, оны күтіп-баптап, өсіп-жетілуіне жағдай жасау – үлкен жауапкершілік.

blank blank

Бір кездері осы өңірде өмір сүрген, бүгінде де туған жерінің көркеюіне бейжай қарамайтын азаматтардың бастамасы кейінгі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Мұндай игі істер табиғатты қорғауға ғана емес, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға да ықпал етеді.

Туған жердің әсемдігі – ортақ міндет, ал оның болашағы бүгінгі қамқорлықтан басталады. Амангелділік азаматтардың бұл бастамасы саябақтың жасыл желекке бөленуіне жол ашып, өзге тұрғындарға да үлгі болсын!

Амангелді ауданы