«AMANAT» партиясы Амангелді аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан әкімі Қанат Кеделбаев азаматтарды қабылдады.
Қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, қабылдауға келген азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдау, жер мәселесі және өзге де өзекті сұрақтар бойынша өтініш-тілектерін жеткізді.

Әрбір тұрғынның мәселесі мұқият тыңдалып, заңнама талаптарына сәйкес нақты түсіндірмелер берілді.
Аудан әкімі Қанат Кеделбаев көтерілген мәселелердің бірқатары бойынша тиісті шешімдер қабылдап, жекелеген өтініштер сол жерде оң нәтижесін тапты.
Ал қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша салалық бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Қабылдау барысында көтерілген барлық сұрақтар мен ұсыныстар назардан тыс қалмай, бақылауға алынатыны айтылды. Аудан басшысы тұрғындармен ашық диалог орнату, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және заң шеңберінде қолдау көрсету – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін атап өтті.
Айта кету керек, мұндай қоғамдық қабылдаулар тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайтып, халықтың өзекті мәселелерін дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.
Ақбаян Теміржанова,
Амангелді ауданы
