Аудан тұрғындарымен кездесуде кәсіпкерлікті дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
2026 жылдан бастап салық жүйесіне енгізілген заңнамалық өзгерістер, мемлекеттік қолдау шаралары және алдағы кезеңге қойылған міндеттер туралы ақпарат беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Ұзаққызының төрағалығымен өткен жиында 2026 жылдан бастап күшіне енген салық заңнамасындағы өзгерістер, кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері және алдағы кезеңге қойылған негізгі міндеттер туралы жан-жақты ақпарат берілді. Жаңа салықтық өзгерістер есептілікті оңайлатуға, салық режимдерін оңтайландыруға және кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттыруға бағытталған.
2026 жылдың 1 қаңтарына текті ауданда тіркелген кәсіпкерлер саны — 649. Оның ішінде: шаруа қожалықтары — 204, жеке кәсіпкерлер — 409, заңды тұлғалар — 36. Еңбек ететін адам саны барлығы — 766.
Жангелдин аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ботакөз Еркебайқызы мәлімдегендей, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда 13 жұмыс орнын құрумен және инвестиция салумен 5 жаңа кәсіпкерлік нысаны іске қосылды. Екі жеке кәсіпкер 5 млн теңгеге дейінгі грант иегері атанған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 400 АЕК қайтарымсыз қаражат көп балалы 4 отбасы, оңтүстік өңірден көшіп келген 2 отбасы, асыраушысынан айырылған 1 отбасы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 2 отбасыға берілді.

«Биыл да кәсіпкерлерге арналған бірқатар мемлекеттік қолдау тетіктері іске асырылуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы, «Өрлеу» бағдарламасы, «Бизнес-Көмек» бағдарламасы, «Іскер-реинвест» бағдарламалары жалпыға бірдей қызмет көрсетеді», — дейді Ботакөз Еркебайқызы.
Аудан тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Бөлім басшысы кәсіпкерлерді заң талаптарын сақтауға, негізсіз баға өсіміне жол бермеуге шақырды.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшері өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесінің мөлшері асып кеткен кезде ішкі сауда субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Орайы келгенде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі де тағы бір мәрте таныстырылып, пысықталды.
«Алдағы кезеңде Кәсіпкерлік бөлімі: Жаңа бизнес-бастамаларды қолдауды күшейтуді, ауылдық жерлерде өндіріс пен қызмет көрсету саласын кеңейтуді, кәсіпкерлермен кері байланысты нығайтуды көздейді. Кәсіпкерлеріміздің белсенділіктері мен бастамалары – аудан дамуының негізгі қозғаушы күші. Кәсіпкерлік бөлімі әрдайым ашық диалогқа дайын және заң аясында жан-жақты қолдау көрсетуге әзір», — дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ботакөз Еркебайқызы.
Ал Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігі төмен деңгейде қалып отыр. Өткен жылы бұл ауылдан бірде-бір тұрғын мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатыспаған. Осыған байланысты алдағы уақытта түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын күшейту жоспарлануда.
Кездесу қорытындысында аудандық кәсіпкерлік бөлімі алдағы кезеңде жаңа бизнес-бастамаларды қолдауды күшейтіп, кәсіпкерлермен кері байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Мұрат Жүнісұлы
Жангелдин ауданы
