Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов төрағалық еткен жиынға қала әкімінің орынбасары, қалалық полиция басқармасы, мемлекеттік кірістер басқармасы, кәсіпкерік бөлімдерінің басшы – мамандары және қала кәсіпкерлері қатысты.
Кездесуде алкогольдік лицензиялау мәселелері және Салық кодексінің жаңа ережелері мен олардың экономикалық әсерлері бойынша мәселелер талқыланды.

Аталған мәселелер бойынша қала әкімінің орынбасары Абзал Ташимов пен қалалық Полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Жұмабай Қоңқас өз баяндамаларында кеңінен қамтып, түсіндірді.

Мөшерлемені 2%-ға дейін төмендету кезінде 2026 жылы қала бюджетінің болжамды шығындары шамамен 423,6 миллион теңгені құрайды.

Сонымен қатар, биылдан бастап әлеуметтік салық толығымен облыстық бюджетке аударылады.
Бұл өз кезегінде қала бюджетінің кірістерінің жылына 1 миллиард 350 миллион теңгеге азаюына әкеледі. Табыс салығының өзгеруіне байланысты қала бюджетінің кірістерінің күтілетін азаюы шамамен 500 миллион теңгені құрайды.

Әлеуметтік және табыс салықтарын жоғары деңгейдегі бюджеттердің пайдасына қайта бөлінеді. Бұл Арқалық қаласы бюджетінің тұрақтылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етеді. Арнайы салық режимінің мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендету қажеттілігі қазіргі кезеңде Арқалық қаласы үшін экономикалық тұрғыдан мүмкін емес. Сондықтан, бұл мәселенің тиісті шешімін табуы алдағы уақытта да назарда болады.

Сұрақ – жауап кезінде кәсіпкерлердің бірі жергілікті жерде көтерме сауда желілерінің салық төлемдерін қала қазынасына құймай жатқанын алға тартты.

«Біз олардың жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге тиіспіз. Себебі, ірі сауда желілері салықтарын мемлекет қазынасына құйып отыр. Жыл сайын қалаға мемлекеттік көмек ретінде қыруар қаржы құйылады. Бұл осындай алпауыт компаниялардың ел дамуына септігін тигізіп жатқанын көрсетеді», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тарапынан алкагольдік өнімдерді рұқсат етілмеген уақыттарда сатпау қажеттігін ескертіліп, оның тигізетін зардаптарын тілге тиек етілді. Интернет алаяқтарының арбауына түспеу, жемқорлыққа жол бермеу тәрізді кеселдердің алдын алуға бағытталған бүклеттер таратылды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
