Тұрғындар аса белсенді

Тұрғындар аса белсенді

Қостанай қаласының «Әуежай» шағын ауданында орналасқан №45 сайлау учаскесінде барлығы 2444 сайлаушы тіркелген. Соның ішінде 71 адам таңғы сағат жеті мен сегіз жарым аралығында дауыс беріп үлгерді. Тұрғындар аса белсенді.

Аталған сайлау учаскесі Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектептің ғимаратында орналасқан. Учаскенің кіреберісі Наурыз мейрамына арналған баннермен безендіріліп, ұлттық әуендер ойналып тұрды. Сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Мүгедектігі бар азаматтар үшін де арнайы дауыс беру орны қарастырылыпты. Ешқандай заң бұзушылық байқалған жоқ.

–­ Біздің «Әуежай» шағын ауданының тұрғындары сайлауға аса белсенділікпен қатысуда. Көбісі сағат 6:30 да келіп, күтіп тұрды. Сайлау заңдылығына сәйкес, азаматтарды сағат 7­ден бастап кіргізе бастадық. Бірінші болып келген сайлаушыға естелік сыйлық бердік. Үлкен­кіші бәрі қалыспай келіп жатыр. Алғашқы екі сағаттың өзінде дауыс беру жәшігі ортасына дейін толып қалды. Азаматтардың ынтасы зор деп сенімділікпен айта аламын. Еліміздің алдағы болашағына жауапкершілікпен қарайтынын білдірсе керек, –­ деді №45 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Жанар Кушанова.

Бұл учаскеде тіркелгенген 2444 сайлаушының 12­сі бірінші рет сайлауға қатыспақ. Алты сайлаушының бүгін туған күні екен. Дауыс беруге алғаш рет қатысқалы отырған азаматтар мен туған күн иелеріне де сыйлықтар табысталмақ.

­ Бүгін бәріміз үшін жауапты күн. Сайлау әділ де таза өтсін деп тілеймін. Үміткерлер  сенімді ақтап, мемлекетіміздің дамуына лайықты үлестерін қосса деймін. Елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын, ­ деді зейнеткер Ханифа Тілеубаева.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Жаңалықтармен бөлісу