Төтенше жағдай жарияланғалы су тасқынымен тынымсыз күрес жүргізіп жатқан Жанкелдин ауданына материалдық тұрғыда жәрдем керек. Бұл туралы аудан әкімдігінің өкілдері хабар таратып отыр.
Облыстың оңтүстік шалғайындағы ауданға туған жер перзенттерінің және жалпы жанашыр азаматтардың жан-жақтан қолдау-демеу көрсетіп жатқанынан хабардармыз. Дей тұрғанмен тасқынға тосқауыл қоюға әлі де көп шығындалуға тура келіп тұр. Қазір ауданда материалдық қор тапшы болып отыр. Жолын жайпап келе жатқан тасқын-сел құрал-сайман, мүлік-жабдық атаулыны шыдатар емес.
“Торғайға қапшықтар керек, күрек те жетіспей жатыр, маңдайға тағатын шам, резеңке етіктер, қолғаптар қажет. Қостанай облыстық және қалалық мешіттер жіберген мүлік-заттарды пайдаланып бітірдік. Өзімідің қордағы материал да тақыл-тұқыл таусылды. Күні кеше ғана оны мың қапшық жұмсалып кетті”, – делінеді аудан әкімдігі өкілдерінің хабарламасында.
Дегенмен барлық жағдайдан хабардар болып отырған алыс-жақындағы жанашыр жұрт жәрдемдесуден шет қалып жатқан жоқ. Жаңа ғана облыстық мешіт жамағатының Торғайға тағы үш “Газель” материалдық көмек жөнелткені белгілі болды. Онда азық-түліктен бастап, ыдыс-қаптар, ұзын қонышты резеңке етіктерге дейін молынан тиелген.
“Халықтан 11 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Осыншалық сомаға қажетті заттардың тізімі бойынша сауда жасалып, гуманитарлық көмектің екінші легі жіберіліп отыр. Жалпы, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қзын-ырғасы 9 “Газель”, бір тіркемелі “КамАЗ” көлігімен көмек жөнелтілді”, – дейді облыстық “Аймағамбет Спанұлы” мешітінің бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет.
Қайырымның кішісі, жәрдемнің азы болмайды. Сондықтан Торғай халқының басына түскен ауыртпалықты көтерісуге, гуманитарлық көмекке қосылуға ниет танытсаңыздар, төмендегі қорларға жүгінулеріңізге болады:
– Қостанай облысы, Қостанай қ., көш. Алтынсарина 115, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы (сағ. 9-00-ден 18-00-ге дейін);
– Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Қобыланды батыр даңғылы, 27, З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық институты, 1-қабат, 103-кабинет (сағат 9-00-ден 18-00-ге дейін, 8 747 019 00 28);
– Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Гоголь к-сі, 111. «АМАНАТ» партиясы Қостанай облыстық филиалы (сағат 9-00-ден 18-00-ге дейін).
Сондай-ақ, Торғай кентінде аудандық ЖРО жанынан құрылған Еріктілер штабының 8 (71439) 21 6 10, 8775 578 34 22, 8702 243 40 54 байланыс нөмірлеріне хабарласуларыңызға болады. Мұнымен қоса,қаржылай демеу жасаймын деген азаматтарға “ҚОЛДАУ-ТОРҒАЙ” қоғамдық қорына 8 775 542 54 56 нөмірі арқылы байланыс орнатуына болады. Қор төрағасы – торғайлықтарға есімі жақсы таныс тұлға Қонысбай Ражанов. ЖСН: 080240000823, KZ2563P3500000290757 Мекенжайы: Жанкелдин ауданы Торғай ауылы Қ.Алтынсарин көшесі, 42-үй.