Жұрт тасқыннан бейнет көріп жатқанда жүргізушілер тасымал бағасын шарықтатып жіберген

Жұрт тасқыннан бейнет көріп жатқанда жүргізушілер тасымал бағасын шарықтатып жіберген

Тасқыннан туған үйлерін тастай қашуға мәжбүр болып, көпшіліктің қолдау-демеуіне күні түсіп отырған жұрттың көз жасына қайық жүздіргісі келетіндер де кездеспей жатқан жоқ. Көңілге сыз түсіретін осындай бір оқиғаны облыстың бас имамы баяндап берді.

Торғайлықтар табиғаттың тосын мінезімен бетпе-бет келген күннен бастап, қайырымдылық қорын ашып, жамағаттан жылу жинауға бастамашы болғандардың бірі – облыстық “Аймағамбет Спанұлы” мешітінің бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет. Оның басшылық етуімен бүгін Торғай жұртына гуманитарлық көмектің екінші легі, тауар лық толтырыла тиелген үш “Газель” жіберілді. Бас имамның бір ғана көңілін қалдырған жағдай – көлік жүргізушілерінің қанағатсыздығы. Олар осынау қиын-қыстау сәтте жол құнын әдеттегіден қымбаттатып жіберген.

“Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады” дейтін сөз бар еді қазақ халқында. Ел тұрғындары қиналған ағайынға қалтасынан жырып жәрдем көрсетіп жатқанда, шопырлардың ынсапсыздық танытуы көңілімізді қалдырды. Әдетте жай күндері Қостанайдан Торғайға 100 мың теңгеге тапсырыспен қатынап жүрген “Газель” иелерінің 160 мың теңге сұрап, табандап тұрып алғаны ұят жағдай болды. Азаматтық, ауызбірлік, ағайыншылдық сынға түсер сәттегі жүргізушілердің бұл тірлігін қалай ақтап алуға болады? Бұл басқа көкірек-көзі ояу азаматтарға сабақ болса игі еді”, – дейді Бахытбек қажы.

Су жайлаған Арқалық, Аманкелді, Торғай өңірлеріндегі елді мекендерді аралап, көзбен көріп келген имам кейбір ауыл-ауладағы жұрттың қамсыздығын көріп, қынжылғанын да айтады. Не байланысы, не электр жарығы жоқ үйлерінде жатып алып, іргеге келген суды бөгеуге атсалыспайтын, жәрдемді сырттан ғана күтетін ағайынның селсоқтығына куә болыпты. Керісінше, әйел басына қарамай қол қолға күрек алып, ағыспен арпалысқа түскен ауылдарды көріп тәнті болғанын айтады ол. Бас имам халықты күш біріктіруге, қамқорлық, қайырымдылыққа, мейірімге шақырады. “Дархан жүректі қазақ халқының ұрпағы екеніміз рас болса, сол тектілігімізді көрсетейік!” дейді Бахытбек қажы.

Жаңалықтармен бөлісу