Сайран БҰҚАНОВ,  Қазақстанның Еңбек Ері:      «Апатты ешкім алдын- ала болжай алмайды»

Сайран БҰҚАНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері:  «Апатты ешкім алдын- ала болжай алмайды»

Табиғаттың тосын құбылысы бес-алты күннен бері еліміздің бірқатар өңірін әбігерге салып қойды. Әсіресе, Торғай өңірінің тұрғындары көп зардап шекті. Бірнеше күннен бері облыс басшылығы сол жақта қолынан келгенше жұмыс істеп жатыр.

Қаншама тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Бірақ, әзірге судың беті қайта қоймаған сияқты. Бұрын-соңды мұндай алапат су тасқыны менің есімде жоқ. 1985 жылдары болған. Бірақ, онда да су дәл бұлай телегей-теңіз тасыған жоқ-ты. Біріншіден, бұл климатқа байланысты. Ешкім де алда не болатынын болжай алмайды. «Алла сақтансаң ғана сақтаймын» демей ме, алдын ала қам жасалуы керек еді. Мемлекет басшысы көктемгі су тасқынының алдын алу туралы былтырдан бері айтып келеді. Бірақ, осы салаға қатысты министрлік оқу-жаттығу жиынын өткізгеннен басқа түк те бітірмеді. Бәрін көріп, біліп отырмыз. Облыстың оңтүстік өңірлерінде қаншама ауылды су алды. Қаншама мал қырылып қалды. Обал ғой. Мемлекет оның бәрін өтейміз деп отыр.

Дегенмен, кім-кімге де ақ адал еңбегінің арқасында жинаған малдан бір-ақ күнде айырылып қалу оңай емес. Осы уақытқа дейін төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік не бітірген, мен түсінбеймін? Бір министрліктің өзінде қаншама адам жұмыс істейді, жалақы алады. Міне, солар жергілікті шенеуніктермен бірлесіп, тығыз жұмыс істеуі керек еді. Енді «бармағын тістеп отыр». Одан не пайда?! Мен ешкімді ақтамаймын, Даттағым да келмейді. Бірақ, мұның бәрі нақты жұмыс істелмегенінің көрінісі. Мен енді қала тұрғыны болған соң, облыс орталығындағы жағдайға көңілім толмайды. Қыстай қаншама қар жауды. Жатты ғой, шығарылмай. Қайта бұл жақта онша қауіп жоқ. Егер алда-жалда дәл Торғай өңіріндегідей жағдай бола қалса, қайтер еді. Бетін әрі қылсын! Әйтеуір, адам шығыны жоқ деп жатыр. Болмай-ақ қойсын! Су тасқыны жылда қайталанатын жағдай болған соң, одан сабақ алу керек еді. Неге судың жолы ертерек бөгелмеді. Мұның бәрін шенеуніктер білді ғой. Сол кезде қолға алғанда мүмкін жағдай басқаша болар ма еді. Меніңше, жағдайдың екі жағы да бар. Бір жағы – табиғи катаклизм. Одан ешкім сақтандырылмаған. Торғай өңіріндегі халыққа Алла сабыр берсін! Не көрмеген халықпыз, басымыздан бұл қиындық та өтер. Ел аман, жұртымыз тыныш болсын!

Жаңалықтармен бөлісу