Торғай үшін жаңа дәуірдің бастауы

Торғай үшін жаңа дәуірдің бастауы

Торғай өңірі үшін үлкен қуаныш! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Астанадан Арқалық арқылы Торғайға, одан әрі батыс өңірлерге шығатын жаңа автожолдың салынатынын мәлімдеді. Бұл – көптен күткен әрі ел үшін аса маңызды шешім.

Жаңа жол салынса, Торғай өңірі бұрын-соңды болмаған серпін алады. Алыс аймақтардағы халықтың орталықпен байланысы артып, тауар тасымалы жеңілдейді, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сондай-ақ, жол қатынасының жақсаруы жастардың туған жерде тұрақтап қалуына оң әсерін тигізіп, өңірдің әлеуметтік жағдайын көтереді.

Кеше Қостанай облысының әкімі Арқалық қаласына жұмыс сапарымен барып, осы маңызды жобаларға ерекше тоқталды. Әкімнің айтуынша, жол құрылысы мен Арқалық әуежайын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бұл хабар торғайлықтардың көңілін көтеріп, өңірдің болашағына деген сенімін нығайта түсті.

Ең бастысы, Арқалық тұрғындарының даусы елеусіз қалмады. Облыс әкімі де, Президент те халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты шешімдер қабылдап отыр. Бұл – билік пен бұқара арасындағы өзара сенімнің айқын көрінісі.

Мемлекет басшысының бұл бастамасы – Торғайдың жаңа дәуірге бет бұруының нақты көрінісі. Өңірдің өркендеуі жолында қабылданған тарихи шешімі үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына зор алғысымызды білдіреміз! Бұл – тек жол құрылысы емес, Торғайдың дамуының жаңа кезеңі.

Шөптібай Байділдин,

Арқалық қаласының құрметті азаматы 

Жаңалықтармен бөлісу