Тоқсан беске толды

Тоқсан беске толды

Тоқсан бес жасқа толып отырған қарияны қала әкімі Әмірхан Асанов қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіровпен бірге арнайы барып жаңа жыл мерекесі әрі туған күнімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Ғасыр жасқа аяқ басқан Шайзат Жәкенқызы он құрсақ көтерген батыр ана.

Батыр атындағы ауданда дүниеге келіп, өзі – аудандық пионерлер үйінің директоры, құдай қосқан қосағы Хасен Шәкіжанов – аудандық атқарушы комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жемісті еңбек еткен.

 

Кейінгі жылдарда аудандық «Тың шұғыласы» газетінде Бөгетбай Әлмағанбетов, Иранғайып Әбдіхалықов сынды қарымды қаламгерлермен бірге қызмет жасаған.

    «Газетте бірталай жыл еңбек істеп, қарапайым хат тіркеушіліктен корректорлыққа дейін жоғарыладым. Ұжымымыз өте жақсы болды. Жұмыстың қаурыт кезінде менікі – сенікі демей, бір-бірімізге көмектесіп кететінбіз. Ондай сәттерде орысша мәтін теріп, машинистка да болып кететінмін», – деп жастық шағын еске алады қария.

Балаларының бәрі аудандағы қазақ мектебінде оқыды. Небір жақсы мен жайсаңдар дастарханынан дәм татты. Бертін келе қалаға қоныс аударды.

Сондай – ақ, қала әкімі Әмірхан Асанов түрлі салада еңбек етіп, ұзақ жыл Арқалық қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы болған абыз ақсақал Кәки Ақанды да үйіне барып, жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Қариялар өздеріне көрсетілген құрметке дән риза болып, ел ағаларына алғыстарын айтты.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу