30.07.2025
Тобыл өңірінде Ауыл партиясының өкілдері бас қосты

Тобыл өңірінде Ауыл партиясының өкілдері бас қосты

Қостанайға Ауыл партиясының екінші тоқсандағы жұмысын қортындылауға  республиканың барлық өңірлерінен партия мүшелері жиналды. Жиын барысында ауыл жастарының мәселесі, білім беру сапасы, мәдениет пен идеологияға қатысты бастамалар, сондай-ақ партия жүзеге асырып жатқан жобалардың жай-күйі кеңінен сөз болды.

Партия төрағасы Серік Егізбаев күн тәртібінде жастар мәселесінен ерекше тоқталып, бұл тақырыптың маңыздылығын атап өтті:

«Жастар мәселесі елімізде әлі де күрделі. Ресми түрде осы бастамамен Президентке хат жаздық. Партия жобасына Мемлекет басшысы қолдау білдірді. Бұны енді Үкімет қолға алуы керек, бұл мемлекеттік жоба болуы тиіс. Жастар қажырлы жұмыс істегісі келеді. Облыстық мәслихат депутаттары арқылы сессияларда көтеріп, қозғаса халық та түбегейлі таныс болар еді. Ел қауіпсіздігіне, мәдениеті мен  шаруашылық саласын өркендетуге кірісіп жатқан жастарға сәттілік», – деді төраға.

Оның айтуынша, ауылдық жерлерде жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік беріп,  бұл бағытта жастарды қолдау мен оларды еңбекке баулуға нақты жоспарлар қажет.

«Ауыл баласы білімге құштар, еңбекке талапты. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек», – деді Серік Егізбаев.

Түркияның беделді оқу орындарына ауыл шаруашылығы мамандығына бірнеше жастар құжат тапсырған. Бұл бастаманың қорытындысы шілде айының соңында белгілі болады. Ауыл жастарына шетелдік білім беру арқылы ел ішіндегі маман тапшылығының алдын алу көзделіп отыр.

Мәселен, екінші тоқсан қорытындысы бойынша, ауыл мектептерін дамытуға бағытталған жобалар толық іске аспай отыр. Цифрлық технология арқылы қашықтан мамандарды қолдау тетігі жоспарланғанымен, нәтиже мардымсыз. Бұл – білім сапасының артуына кедергі болып отыр.

Серік Егізбаев бұл бағытта нақты ұстаным білдірді:

«Ауыл мектебі мен өмір белесінің арасындағы байланыстың үзілуі – басты мәселе. Шалғай, әсіресе, шекара маңындағы мектептерде сапалы білім беру қолға алынуы керек. Шаруашылық пен мектептің жағдайын бірі-бірінен бөліп қарауға болмайды. Дамыған мемлекеттерде мұндай тәжірибелер бар», – деді.

Жоғары сыныптарға кәсіпке баулу пәнін енгізу, ауылдағы мектептердің қоғаммен байланысын күшейту – алдағы міндеттердің бірі ретінде аталды.

Жиында партия тарапынан бірнеше мәдени және идеологиялық жобалар қолға алынғаны да айтылды. Солардың бірі – елден бата жинау жобасы. Республика бойынша 353 бата жиналып, оның 60 бата іріктеліп алынды, кейін арнайы жинақ жарық көрді. Бұл жинақ жиынның тұсаукесерінде партияның имидждік өнімі ретінде таныстырылды.

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай республика көлемінде 80-ге жуық іс-шара өткізілді. Осы орайда, партия мүшелері арасында қару қолдана алатын арнайы топ құрылып, олардың саны 122 адамға жеткен. Бұл топтың орташа жасы – 33.

Алматы қаласында өткен қорытынды жиналыста Әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі республикалық комиссияның жұмысын жандандыру мәселесі көтерілген еді. Соның нәтижесінде екінші тоқсанда 95 іс-шара өткізілген. Соның бірі – Қостанай қаласында өткен іскер әйелдер форумы екені жиында атап өтілді. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия да белсенділік танытып, 47 іс-шара ұйымдастырды. Дегенмен, кейбір өңірлерде бұл бағыттағы жұмыстар әлі де әлсіз.

Осы тұста Астанада партияның 25 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, ауыл өміріне арналған фотобайқау бастау алғанын айта кетейік. Әр өңірден 10 қатысушыдан болу жоспарланған байқауға жалпы 96 адам өтінім беріп, 460 сурет келіп түскен. Партия белсенділері бұл байқауды кеңінен насихаттап, әр айда кем дегенде үш іс-шара өткізіп тұру керек деген ұсыныс білдірді. «Ауыл нақыштары» жобасы аясында фотосуретшілермен кездесу өткізу, олардың қауымдастықтарымен әріптестік орнату – партиядағы басты міндеттердің бірі.

Партия Қазақстан халқы Ассамблеясымен де тығыз байланыс орнатқан. Осы ынтымақтастық аясында қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын зерттеу, насихаттау бағытында кештер мен концерттер ұйымдастырылуда. Соның бірі – А. Затаевичтің құрметіне арналған концерт. Бұл жоба еліміздің өзге қалаларында да жалғасын таппақ.

Ауыл партиясы жүзеге асырып жатқан бұл бастамалар мен жобалар ауыл болашағына деген сенімді нығайтып отыр. Серік Егізбаевтың айтуынша, бұл жобалар партияның ұлттық идеологиясына сай келіп, болашақ буынға бағыт көрсететін құндылық ретінде қалыптасуы керек. Бастысы – нәтиже. Бір буыннан келесі буынға жүктеле беретін қағида ретінде бұл бастамалар жалғасын табуы тиіс.

Айбек ЖҮЗБАЙ