«Тобыл» Еуро додаға жолдама алды 

«Тобыл» Еуро додаға жолдама алды 

Футболдан Қазақстан чемпионатында шабуылшы Николай Сигневичтің соңғы секундта «Қайсар» қақпасына салған голы командаға мезгілінен бұрын керемет мүмкіндік сыйлады.

Енді қостанайлық команда келер жылы кем дегенде конференция лигасында доп тебетін болды.

«Тобыл» екі таймда да «Қайсарға» қарсы басымдықпен ойнады. Шабуылды түйіндеуге жолы болмай, кері кетіп жатты. Кездесу тек қасқырлардың айып алаңында өтті деп айта алмаймыз. Гол соғатын мүмкіндіктерін қонақтар мүлт жіберді. Қосымша уақыттың аяқталуына таяу қалғанда қорғаушы Наурызбек Жагоров ортадан қақпа тұсқа әуелетті. Чесноктың бұрыштан ортаға тастаған добын бразилиялық шабуылшы Энрике Девенс тура тепті. Одан серпілген допты Николай Сигневич қақпа торында тулатты. Сөйтіп «Тобыл» турнир кестесінде 50 ұпаймен үшінші сатыға емін еркін жайғасты. Маусымның аяқталуына екі тур қалды. Төртінші, бесінші сатыдағы Ақтөбе мен Елімайда 42 ұпайдан. Елу үш ұпаймен «Астана» көш бастап тұрса, алматылық «Қайрат» 52 ұпаймен екінші орында.

Айбек ЖҮЗБАЙ