Футболдан olimpbet Қазақстан чемпионатының бесінші турында Қостанайдың “Тобылы” елорданың “Астана” командасын қабылдады. Бұл кездесу жерлестеріміз үшін сәтсіз аяқталды.
Ойынның бірінші бөлігі алма-кезек шабуылдарға толы болды. Әсіресе, сары-жасылдар астаналықтардың қақпасына көбірек қауіп төндіргендей көрінген. Алайда, қақпаға тура бағытталған ала доп бағанадан қайтып жатты. Екінші таймдағы сары-жасылдардың ойламаған тұстағы ауыс-түйістерін, елордалықтар өз пайдаларына асыруға тырысты. Басымдықты өз қолдарына алған Григорий Бабаян шәкірттері дегендеріне ойынның жетпісінші минутында жетті. “Астана” ойыншысы Аслан Дарабаев өзінің шабуылға шығар оңтайлы сәтін аяғына дейін жеткізгеннен гөрі әріптестерінің біріне пас қалдыруды жөн көрді. Командаласының бұл тәсілін бірден түсінген Алекса Аманович допты іліп алып алға ұмтылды. Шірене тартқан қорғаушы ала допты ойынға енді ғана шыққан шабуылшы Абат Айымбетовтің аяғына салып берді. Абат допты жанындағы Марин Томасовқа сырғыта салды. Оныншы номерлі жартылай қорғаушы қақпа торын жиырма метрден дәл көздеді. Осылайша астаналықтардың жалғыз добы ойын тағдырын шешті.
“Адуынды командаға қарсы өнер көрсету біздің жігіттерге оңай болған жоқ. Бірінші таймда жинақылық танып, шабуылдағы бет алысымыз өз нәтижесін бермегені өкінішті. Оның үстіне, кейбір қорғаныстағы ойыншылар жарақат алып қалды”, – деп ойын түйіндеді сары-жасылдардың бас бапкері Милич Чурчич.
Расында, ойынның ортан беліндегі ауыс-түйіс қашықтан тамашалап отырған жанкүйерлерге түсініксіздеу көрінген. Ол жөнінде Милич Чурчич: “Бұл жағдай ойынның алғашқы бөлігінде болды. Қапталдағы қорғаушы Павел Киреенко қарсыластардың айып алаңына жақын жерде тізесін ауырсынып қалды. Тәуелкелге бел буып, ойынның екінші бөлігін жалғастырта беруді жөн көрдік. Алайда жағдай біз ойлағандай болмады”.
Аталған ойыншы бүгінгі ойында Талдықорғанда болған ойын барысында қолын жарақаттап алған оң жақ қапталдағы қорғаушы Бағдат Қайыровты алмастырып шыққан болатын.
Айбек Ғалымұлы