Ғасырлық ғұмыр. Полковник Даценконың талайлы тағдыры

Ғасырлық ғұмыр. Полковник Даценконың талайлы тағдыры

Ол – небары 19 жасында-ақ Курск доғасы шайқасынан өткен жауынгер. Кескілескен ұрыста жау құрсауын бұзып шыққан ержүректің бірі еді. Әуелде 45 миллиметр калибрлі әйгілі зеңбірек тізгіндеген әскери жүріс арбасындағы делбеші болды.

Ол Украинаның Соболица ауылына таяу маңдағы орда қаза тапты делінді. Қостанайдағы туған ауылы Владимиров елді мекеніне: «Павел Васильевич Даценко ерлікпен қаза тапты… Бауырластар қабіріне жерленді», – деген қаралы қағаз жіберілді.

 

«Сені сағатың құтқарып қалды…»

            Ал шындығында ол тірі қалды, оған өлуге әлі ерте еді, жарық жалғанда оны күткен көп іс, қыруар міндет бар-тын. Кейін үйіне оралғанда осы қазанама туралы достарынан естіп-білді. Хат қарапайым почтамен келді, бірақ бәрі мұның жай хабарлама емес екенін бірден сезген. Достары бұл қаралы қағазды кімнің батылы жетіп үйіне апарып, анасының қолына берерін шеше алмай ұзақ әуреленіпті. Қолында үшбуы бар шақырылмаған қонақты көрген шешесі бәрін бірден түсіне қойып, ес-түсінен айырылып құлаған екен. Есін жиысымен: «Сенбеймін, ол тірі», – деп сеніммен тіл қатыпты анасы.

Ол расымен де тірі қалды. Фашистік мина ол жатқан окоптың брутверінде, дәл жанында жарылып, есінен айырылған. Медсанбатта ақ халатты бейтаныс қыздың қасында көзін ашты. Медбике қуанып кетіп, аузына су тамызып, болған жайды бастан-аяқ баяндап берді. Жауынгер контузия алып, басы жараланып, бүкіл бетін қан жуып, тіршілік нышаны білінбей ес-түссіз жатқан жерінен табылған. Бөлімнің жерлеу командасы оны өлдіге санап, қызыл армия кітапшасын алып, жөндеріне кете барыпты.

Бірақ, оның бақытына орай, жанынан өтіп бара жатқан танкистердің бірінің «қаза тапқан» жауынгерге және қолындағы сағатына көзі түседі. «Өлі адамға сағаттың не керегі бар?» – деп, танкист көзі қызыққан бұйымды шешіп алу үшін «мүрдеге» жақындайды. Сол мезетте сержант елеусіздеу қимыл білдіреді. Танкист оның тірі екенін байқап, өзінің танкілік медсанбатына алып барады. Құтқарушысы оған арнап: «Сені мен шешіп алмақ болған сағатың құтқарып қалды, оны өмір бойы сақта. Троицкілік танкист», – деген жазба қалдырып кетіпті. Жауынгер ауыр жарақатынан ұзақ емделді. Күндердің күнінде серуен кезінде жерлесі, медицина қызметінің капитаны Анастасия Петрованы көріп қалады. Ол да аң-таң болып: «Ал біз ендігі сенің қазанамаңды шығарып қойған едік», – деп терең күрсінеді. Осылайша, жаралы жауынгер танысының көмегімен өз бөліміне қайтып келеді.

Жаны сірі сержантты көргенде командир, капитан Солдатенко құшағына басып: «Ал, Павел, о дүниеден оралып келген екенсің, енді жүз жасайсың!» – деп жүрекжарды лебізін жеткізеді. Айтқаны айна-қатесіз келді. Павел Васильевич Даценко Қырым мен Римді басып өтті. Сондай-ақ командирінің қосымша тапсырмаларын мүлтіксіз орындады. Қырым демекші, мұның да бір баяны бар. Павел Васильевич казак тұқымынан. Нақтысында, Кырым соғысынан кейін 1854 жылы біздің өңірде қызмет етуге жөнелтілген кубан қазактарынан тарайды. Ол – қазақтарды ең жақын туыстары деп санайтын казактардың бірі, олардың арасында ешқандай қарама-қайшылықты көрмей, керісінше түпкілікті ұлттың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қабылдай білген жан.

Саналы өмірінде, ғасырлық ғұмырында ол өзінің бойындағы казак табына тән көзге көрінбейтін арқау-өзекті, өжеттікті сезініп өтті. Шамасы, бұл әжесінен, Евдокия Васильевнадан тамыр тартып жатса керек. Бірде, шаруалар көтерілісінің соңына таман ауылдарға жазалаушы отрядтар лап қояды. Отряд бұлардың ауылына кіргенде әжесі сазды сабанмен илеп, саман кірпіш құйып жатқан. Көрші әйел оған: «Васильевна, анау жақта жазалаушылар келіп, сенің атыңды жетектеп алып кетті», – деп айғай салады. Сол-ақ екен, ол көршісінің атымен тонаушыны қуып жетіп, жон арқасынан бар пәрменімен қамшы сілтеп жібереді. «Сен казак емес, тезексің (кизяк). Казак жесірінен асыраушы түлігін ұрладым, себебі менің бес бірдей балам бар», – деп безгектейді қамшы астында қалған мұжық. Сонда жазаушылар командирі жандайшабына күле қарап: «Атты иесіне бер. Кімнен тартып алу керегін де білген жөн», – деп бұйырыпты.    

 

Қуаныш пен қайғының жетегінде

            Бақуатты да тату-тәтті тұрмыс кешіп, жұртшылық жан сала еңбек еткен берекелі жиырмасыншы жылдар жадыда жатталды. Владимиров – ескі ауыл, етегі – сыңсыған орман, құтты жердің қаладан кемдігі жоқ-тын. Бірақ сонау бір алыс жылдарда партияның бағыт-бағдары құбылып, әр шаңырақтан аштық нәубеті сығалады, ондайды мұндағы ел ешқашан сезіп көрген емес. Бұл нағыз зобалаңды уақыттар еді, бәлкім, оның қасіреті соғыстан да асып түсер. Қарасирақтар, Паша Даценконың сыныптастары, бәрі секілді аштықтан тарықты, бірақ оларды аман алып қалған амалдар бар еді. Бала біткен шабындыққа барып, шегіртке аулады. Кейін жәндіктерді қуырып жеді, тіпті түсініксіз өзекжалғар азықты отбасына әкеліп отырды. Жаз соңында картоп пісіп, орман ішінде саңырауқұлақтар мен жеміс-жидек талғажауға жарады… Қысқасы, әупіріммен аштық нәубетінен аман шықты, ал сөйткен елдің алдынан соғыс зұлматы күтіп тұр еді…

Жайдарлы жексенбінің күнінде ол үрейлі хабарды естіп, дереу жолға жиналды. Кешкілік көп жыл бір партада отырған достарымен және Нина қызбен қоштасты. Нина оны құшақтап, ұдайы байланыс ұстап отыруға уәдесін алды. Почтасыз және хатсыз-ақ, аспандағы ортақ ай арқылы жолданып, қабылданатын ой-сезім арқылы байланыс үзбеуге уағдаласты. «Мен түнде оған қараймын, ал сен сонау алыста сол Айға көз саларсың, сонда менің сен туралы ойларым кез келген қашықтыққа қарамай саған ұшып жетеді». Қыздың бұл ұсынысы оның жүрегіне ұялап, туған топырақтан тым шалғайдағы майдан даласында оны бір сәтке де есінен шығармады. Кедейлік елесі кезген Румыния, тоқшылықтағы Венгрия, Будапештті алу жолындағы қанқұйлы ұрыстар. Кейін бағыт Австрияға ауысты, ол сол жақта 9 мамыр күні көктемнің жаймашуағымен Жеңісті қарсы алды. «Соғыс аяқталды, мен аман қалдым. Шынымен де үйге қайту маңдайыма жазылғаны ма?» деп ойға шомды ол.

Үйіне оралғасын қалаға қоныс аударып, есепші болып жұмыс істеді. Институтқа түсуді ойға алды, бірақ бір күні оны бастық кабинетіне шақыртты. Директордың қасында бейтаныс бір адам отырды. Ол ұсыныс жасап, бұл одан бас тарта алмады. «Сізді Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі органдарына ұсынды, Ташкенттегі жедел құрам дайындау мектебіне түсуің керек». Ал бұл, құдды бір майданға қайта жібергендей, оның биографиясындағы жаңа да тосын бұрылыс еді. Тек бұл майдан соғыстан кейін енді еңсе түзеп келе жатқан елдің бейбіт көшелерінде өтпек. Ол 1950 жыл болатын…

 

Өшпейтұғын жер бетінде ізі бар

            Ол Барлау мектебін 1952 жылы аяқтады. Үздіктер қатарынан көрініп, контрбарлаушы мамандығын жан-жақты игеріп шықты. Оның үстіне, практикант бола жүріп-ақ неміс барлау тыңшысын анықтап, тірідей қолға түсіріп, назарға іліне білді.

Ол өзіне лауазымды және қызмет орнын таңдамады, оның талайына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде тергеуші де, оперативті қызметкер де болу бұйырды. Бұл оның оң жамбасына келген қызмет еді. Ол жау жақтың барлау агенттерінің тұтас коллекциясын жасай алар еді, өйткені ол барлығын жеңіп, дер кезінде әшкерелеп отырды, бірақ ол қызметтік тапсырмалардан бөлек, сонымен қабаттас басқа істерді де көбірек қаперінде ұстады. Мәселен, оның бірде жалдама ақысын уақытылы төлемегені үшін далада қалып, пәтер есігі алдында үсіп өле жаздаған Владимиров ауылының жігітін құтқарып қалғаны бар. Владимиров ауылындағы “Олимп” әскери-патриоттық клубының балаларымен әрдайым қуана-қуана жүздесетін. Олармен емен-жарқын әңгіме құрып, сол өскелең буынның балалық бейнесінен өзін көргендей болатын.

Оның Қостанайдағы қызмет ету кезеңінде атқарған қажырлы еңбегі де қарсы барлау қызметі тарихына өшпестей таңбаланды. Арқалықта Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) тыңшысын ұстау операциясы үшін медальмен де марапатталды. Майданнан екі бірдей «Ерлігі үшін» жауынгерлік медалімен оралғанын және ҰОС орденін омырауына таққанын, сондай-ақ бейбіт уақытта «Ерен еңбегі үшін» медалімен ардақталғанын да айта кету керек. Торғайда қадамдағыш эксковаторды жөндеуге чех «инженері» қалай көмектескені, бірақ әлгі қаскүнемнің мүлдем басқа нысандарға «қызығушылығы» болғаны туралы оқиға да МҚК мен ББО (ЦРУ) арасындағы текетірес тарихында із қалдырды.

Ғибратқа толы ғасырлық ғұмырдың әр бетін аударыстырып отырсаңыз, тарих кітабын оқығандай болар едіңіз. Ол 1925 жылы 7 қаңтарда, нақ Рождество мейрамымен тұспа-тұс уақытта өмірге келді. Әжесі бұл сәйкестікке өте қуанып, сол кезде-ақ оның ғұмырлы боларын жорамалдаған. Дей тұрғанмен казак кемпірі немересін қандай ғұмыр-сапар күтіп тұрғанын болжай алған ба? Бұл жүз жыл – полковник Даценко асқақ абыроймен салмақтай алар ғұмыр. Кезінде Ай-жұлдыз арқылы тілдескен Нина қыз басқа жанның етегінен ұстап кетті. Бірақ бұл да басқа махаббатын тапты. Оның отбасы, қыздары, немере-шөберелері – жер бетінде қалған өшпес ізі. Бәлкім, көзге көрінбейтін қарсыластарға қарсы «ақылман» партиялардың жеңісінен гөрі оған осы жеке бас құндылықтары әлдеқайда қымбат та шығар…  

Владимир Иванович Калашеев,

Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері

Барлық сурет Даценколар отбасының альбомынан алынды

Жаңалықтармен бөлісу