«Тең мүмкіндіктер» фестивалінен олжалы оралды

«Тең мүмкіндіктер» фестивалінен олжалы оралды

Астана қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті фестивалі мәреге жетті. Бұл сайыста облыс намысын қорғаған №14 мектептің командасы олжалы оралды. Жеңімпаздарды жерлестері мен достары құшақ жая күтіп алды.

Алғаш өткен бұл фестивальдің бағдарламасына бочча ойыны енгізіліп отыр. Осы ойын түрінен №14 мектептің кіші командасы 1 орын алды. Топ құрамында 5 сынып оқушылары Жанболат Жәнібек, Жансая Қанат, Леонид Акимов бар. Боччадан ересектер командасы 2 орынға ие болды. Оның құрамында Вячеслав Филипов, Сергей Беда, Максим Козлов өнер көрсетеді.

Аталған оқу ордасының дене шынықтыру мұғалімі Татьяна Тайгунова жаңа ойынның ерекшелегін былай түсіндіреді.

«Өзім бұл ойынға екі жылдан бері қызығушылық таныта бастадым. Ережесі маған қатты ұнап, балаларыма үйрете бастадым», – дейді Татьяна Тайгунова.

Маманның айтуынша, бочча керлинг ойынына қатты ұқсайды. Ережесі екі командаға арналған. Мәселен, бір командада көк, екіншісінде қызыл доп болады. Ортада ақ доп бар. Оны джек деп атайды. Әр команданың өкілдері соны алға  лақтырып жіберіп, жанына өздерінің доптарын жылжытуға асығады.

Қала тұрғыны Қанат Серғазы ерекше ойын түрінен олжалы оралған немересі Жансаяны  күтіп алуға теміржол вокзалына жетті. Мерейін асырған немересі үшін қобалжығаны жасырын емес.

 «Бұл ойын түрі бала кезімізде болмаған еді. Баяғыда біз құмның үстіне тор құрып, жердің шаңын шығара волейбол ойнайтынбыз. Қанға сіңген сол қасиет жіберсін бе, алғаш рет балалар жеңімпаз болып келіп жатыр. Қатты қуандық. Қызым биылдан бастап қана барып жүр. Дайындығында бір-екі рет болдым. Аты таңсық болғанымен маған да ұнады», – дейді Қанат Серғазы.

Фестивальдің бағдарламасына бочча ойынынан бөлек, жеңіл атлетикалық эстафета мен көңілді старт та қосылған. Жеңіл атлетикалық эстафетадан осы мектептің 6 б сынып оқушылары Ярослав Мартенс, Абубакар Розиков, Александра Геринг 1 орынға қол жеткізді. Өкінішке қарай, көңілді старттан  жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсете алмады. Қатысқандары үшін сертификаттарға ие болды. Ярослав Мартенс жеңіл атлекалық эстафетаға бір жыл бұрын қызыға бастаған.

 «Өзім көптен бері жеңіл атлетикамен айналысып келемін. Ұзақ, қысқа қашықтықтарға болсын,  жүгіре беремін. Екі жүз метрден рекордтарымды көріп жүрген ұстаздарым командамен бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс тастады. Содан эстафетаға бір жыл бұрын қатыса бастадым. Міне, біздің команда бірінші орын алып отыр. Осы үшін командама, жарысты ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», – дейді Ярослав.

Жалпы сайыстың өтуіне мұрындық болып, демеушілік жасаған – «Аманат» партиясының жанындағы «Әйелдер қанаты» ұйымы.

 «Әуелі «Әйелдер қанаты» ұйымының қолдауымен білім басқармасы арқылы  бірлесіп, облыстық іріктеу сайыстарын өткіздік. Оған бүкіл облыс бойынша жүздеген бала қатысты. Араларынан суырылып, 12 бала финалға шықты. Төрт топта өнер көрсеткен осы №14 мектептің балалары Астанаға барып, облысты жоғары деңгейде көрсетіп келді», – дейді партия мүшесі Айнагүл Жұмағазиева.

Бұл фестивальге еліміздің барлық облысынан 196 бала қатысқан.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу