17 мая, 2025
Теміржолшы әулетінің өнегесі

Теміржолшы әулетінің өнегесі

Теміржол саласының нағыз маманы Абай Кәкімов мерейтойлық медальмен марапатталды. 

Абай Сейітқанұлы – теміржолшы әулетінің лайықты өкілі. Оның осы салада тер төгіп келе жатқанына 23 жылдан асты.

Бүгінде «Қазақстан темір жолы «Жүк тасымалы» ЖШС Қостанай бөлімшесіне» қарасты Перелески станциясы бастығының міндетін атқарады. Бұл оның көпжылдық еңбегі мен адалдығына берілген жоғары баға.

«Еңбектің қадірін бала кезімізден түсініп, әкенің өнегесін бойымызға сіңіріп өстік. Әкем де бір кездері дәл осы Перелески станциясының бастығы болып, өмірінің бар саналы ғұмырын теміржолға арнаған жан еді», – дейді кейіпкеріміз.

Әке жолын жалғап, елге қызмет етіп жүрген Абай Сейітқанұлы – өз ісінің хас шебері.

Қызметіне жауапкершілікпен қарап, әріптестері арасында сый-құрметке ие. Оның қажырлы еңбегі мен адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Балауса Жүніс

Денисов ауданы