Қостанай қаласында IT-мамандар, сарапшылар мен студенттер аймақтағы технологиялар мен жасанды интеллекттің өңір экономикасының дамуына әсерін талқылады.
QostanAI Conference қатысушылары цифрлық трансформация тек кешенді өзгерістер мен кадрларды жүйелі даярлау арқылы мүмкін болатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің жаңа дәуірге бағытталған стратегиялық бағытын айқындап берді. Президент Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізі — цифрландыру екенін, ал өңірлер инновациялар мен адами капиталды дамыту орталықтарына айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Өңірлік өсім деректерді тиімді пайдалану, процестерді автоматтандыру және жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізусіз мүмкін емес. Мұндай технологиялар жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірісті оңтайландыруға, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Біздің іс-шарамыз ғылым, білім, бизнес және мемлекеттік ұйымдардың күштерін біріктіруге, бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастыруға бағытталған», – деді конференция барысында Қостанай облысы әкімдігінің информатизация басқармасының басшысы Азамат Кашиев.
Smart-орталықта цифрлық шешімдерді белсенді дамыту және енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бас директор Гүлміра Дамбаулованың айтуынша, қостанайлық IT-мамандардың әлеуеті астаналық әзірлеушілерден кем емес.

Олардың көптеген жобалары облыс көлемінде сәтті қолданылып, жақсы нәтижелер көрсетуде.
Мысалы, ауыл шаруашылығына арналған жоба аграрийлерге жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осындай ауқымды стартаптарды Қостанай хабының мамандары да әзірлеуде.
«Біздің миссиямыз және басты мақсатымыз – Қостанайда IT саласын және стартап-экожүйені дамыту. Биылғы конференцияның тақырыбы – «Жасанды интеллект өңірлік өсімінің драйвері ретінде». Бір алаңда білім, бизнес және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері бас қосты. Біз білікті кадрларды даярлау мәселелерін, экономикалық аспектілерді және қолдау шараларын талқыладық», – деді бизнес-инкубатор Qostanai Hub директоры Дамир Мнайдаров.
Цифрлық технологиялар Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжінде де сәтті енгізіліп, тиімді жұмыс істеуде.

Мұнда оқытушылар жасанды интеллекттің түрлі құралдарын тәжірибеде қолданады, ал студенттер өздерінің технологиялық жобаларын әзірлейді. «Ақылды» жүйелер ерекше білім қажеттіліктері бар студенттер үшін қолайлы оқу ортасын қалыптастыру мақсатында да пайдаланылады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген автор
