Новоселов ауылы ауданнан онша қашық емес. Тақтайдай тегіс жол орталыққа бас-аяғы он минутта апарады. Көптен күткен ауыз суға қол жеткізген елді мекенге жақын жылдары газ тартылмақ. Бұл туралы ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасуға барған аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов айтты.

«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы саясатының арқасында жыл аяғына дейін әр елді мекендерді сапалы сумен қамтамасыз ету тапсырмасына орай жаңадан салынған су құбырын пайдалануға беріп жатырмыз. Бұл шаруа Мемлекеттік арнайы қордан облыстық бюджет қаржыландырылған. Ауданымыздың төрт елді мекенінде осындай қуанышты жағдай болып жатыр. Президент тапсырмасына орай ауылдарымыз абаттандырылып, жарықтандырылды. Елді мекендер арасындағы жол жөндеу шаралары қолға алынып жатыр. Жаңадан құрылыс нысандары бой көтеруде. Әлде де істелетін жұмыс жеткілікті. Алдағы уақытта ауылға газ тартылып, әр аулаға су тарту жұмыстары жүргізіледі. Осы атқарылған шараларға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіреміз», – деді аудан әкімі.

Әзірге ауыл адамдары таза суды арнайы орыннан тасып іше тұрады.

Ол жөнінде су құбырын қондыруға мердігерлік жасаған «Аиф» серіктестігінің бас инженері Дмитрий Апареев былай түсіндіреді.

«Тартылған құбырдың ұзындығы 4200 метр. Сол арқылы өзеннен скважинаға су келеді. Бұл қондырғы сол суды халыққа тазартып беріп отырады. Нысанға екі скважина орнатылды. Оның бірі резервте жұмыс істейтін болады. Әзірге тарату жүйесі болмағандықтан, тұтынушылар арнайы краннан ала тұрады», – дейді мердігер ұйымның бас инженері.
Ауыл ақсақалы Шындәулет Нұрғалиұлының ақ батасынан кейін аудан әкімі қондырғыны салтанатты түрде іске қосты. Арбаларын сүйреп, таза су алуға жиналып қалған дүйім елдің қуанышында шек жоқ. Мемлекет басшысына алғысын жаудырып жатыр.

Ғазиза Молдахалықова осы ауылда елу үш жылдан бері тұрады. Он жыл көлемінде мектеп асханасында аспаз болып істеген.

«Ауыз су халық үшін бірінші кезекте қажет. Біздің ауылда су тапшы болатын. Бүгін ауылымызға су келіп жатыр. Әсіресе, жұмыс барысында қатты қиналатынбыз. Бұл бастаманы көтерген Президентке мың алғыс», – дейді ауыл тұрғыны Ғазиза Нұрдәулетқызы.
Ал ауданның ең шалғай елді мекені Сұлукөлге су құбыры елу жылдан астам уақыт бұрын тартылыпты. Кезінде қой зауыты дүрілдеп тұрған бұл ауылда малшы болып істеген Балғабай Ақжанов соның жұрнағынан жалғыз құдық қалғанын айтады. Оның өзі ішуге жарамсыз.

«Қазір елде адам қалған жоқ. Ауылдың үлкені өзім болып қалдым. Қалғанымыз суды ойдағы Әулиекөлден тасып ішіп келдік. Бүгін ауылға су келіп, шырайымыз біраз кіріп қалғандай. Халық қатты қуанып жатыр. Өзім зейнетке шыққаннан бері осы жердің молдасымын», – дейді Балғабай Мағзұмұлы.


Ауыл тұрмысының одан әрмен жақсара түсетініне Ауыл әкімі Қайрат Шәріпов те сенімді.

«Су тіршіліктің көзі. Биыл Президент бастамасымен облыс-аудан әкімі біздерге тапсырма берді. Игілікті істің сәтті жүзеге асырылғанына ел риза. Халықымыздың әлеуметтік-тұрмыс жағдайы жақсара түседі. Бұдан бөлек бес шақырымға жуық ауыл көшесіне асфальт төселді. Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жылма жыл жалғаса беретін болады», – дейді Қайрат Шәріпов.
Осы екі ауылмен қатар Первомай, Көктал елді мекендерінің халқы да келесі аптада таза сумен қамтамасыз етілмек.
Сонымен Сұлукөл ауылдық округының орталығы Юлевтегі жобаның құны 822,2 млн теңге. Ол жаққа 17 096 метр су құбыры тартылып, 20 құдық орнатылды. Мердігер ұйымы – «СтройСвязьКомпания» ЖШС. Новоселов ауылындағы жобаға 379,4 млн теңге қарастырылып, 8,296 км құбыр тартылды, 8 құдық орнатылды. Первомай ауылына да «АИФ» ЖШС мердігер болды. Жобаның жалпы құны 1 597,2 млн теңге. Көктал ауылындағы «ПАН-СТРОЙ» ЖШС мердігер болған жобаның құны 622,4 млн теңге.

Төрт жоба бойынша жалпы қаржы көлемі 3,4 млрд теңгеден асты, оның 1,86 млрд теңгесі — бюджет қаражаты, ал 2,33 млрд теңгесі Арнайы мемлекеттік қордың (АМҚ) есебінен бөлініп отыр.
Первомай және Көктал ауылдарындағы су жүйелерін қосу жұмыстары келесі аптада жүзеге асырылмақ. Осы жобалар толық іске қосылғаннан кейін Әулиекөл ауданы 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ