Әулиекөл ауданында 23 наурыз күні «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында «Тазару күні» өткен болатын. Бұл игі шара жаңа жылды жаңа үмітпен, ізгі ниетпен қарсы алудың жарқын көрінісі болды. Өйткені қоршаған ортаның тазалығы – ойымыздың, болашағымыздың тазалығы. Экологиялық шаралар бүгін де жалғасуда.
– «Тазару күнімен» басталған экологиялық шаралар бүгін де жалғасуда. Аудан аумағында қоршаған ортаны қорғау және көркейту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сенбіліктер, көгалдандыру акциялары, санитарлық тазалық жұмыстары жыл бойы ұйымдастырылады. Осымен екінші рет рет өткізіліп отырған сенбілікті әр бейсенбі сайын ұйымдастыруды қолға алдық, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жұматай Кәкімжанов.
Ауқымды сенбілікке ауылдық округтердің әкімдері, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен еріктілер белсенді қатысты.
Бірлесе атқарған еңбектің нәтижесінде аудан көшелері, қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылып, қоршаған ортаға жанашырлық танытылды. Бұл бастама тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтуға өз септігін тигізді.
Көктемгі маусымда ағаш отырғызу жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп, саябақтар мен демалыс орындары абаттандырылуда. Сонымен қатар, жергілікті билік тұрғындарды экологиялық мәдениетті дамытуға шақырып, табиғатты аялауға бағытталған ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Экологиялық бастамаларды қолдау – әрбір азаматтың міндеті. Табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Сондықтан әр тұрғын өзінің тұрғылықты жерінде тазалық сақтауға, табиғатты қорғауға және айналасын көркейтуге үлес қосуы қажет.
Тазалық – денсаулық пен өркениеттің кепілі. Біздің ортақ мақсатымыз – туған өлкемізді көркейту және болашақ ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыру.
Әулиекөл ауданы