Су тасқынының Рудный қаласы аумағына тигізген зардабы да аз болған жоқ. Бүгінде қауіп-қатер сейілсе де апат салдарымен күрес жұмыстарының ұзаққа созылар түрі бар.
Қарғын су деңгейі 3 сәуірде көтеріліп, қаланың Панфилов, Фролов, Парковый көшелерінің оңтүстік аумағына, Перцев аулын және Қашар кентінің Хлебзаводский, Степной көшелеріне жайылды. Дер шағында жұмыла әрекет ету арқасында тасқынға тосқауыл қойылды. Қауіп деңгейінің қаншалықты болғанын, қандай шара-шарғылардың қабылданғанын қалалық ТЖБ бастығы Азамат Ағатай баяндап берді.
«Қаратомар су қоймасынан үлкен көлемде су ағызылуына байланысты, қатерлі аймақтарда күшейтілген режимде күрес жүргізілді. 6-7 сәуірде Перцев ауылының 520, Рудныйдың 4 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Қалада бес эвакопункт әзірленіп, оларға жиырма адам ғана орналасты. 357 бас малды құтқардық. Осы шараларға отыз техника, 400 адам жұмылдырылды», – деп атқарылған жұмыстарды жіпке тізді ол.
А.Ағатай қазір ахуал қалыпқа келіп, барлық тұрғындардың үйлеріне оралып, оқушылардың офлайн режимінде оқуға кіріскенін айтып отыр. Бірақ тәулік бойы күзету әлі жалғасып жатыр. Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко да топан топалаңына тосқауыл қою оңайға соқпағанын атап өтті.
«Тасқын мұншалықты деңгейде қауіп төндіретінін болжамап едік. «Қаратомар» су қоймасының сыйымдылығы – 580 текше метр. Наурыз айының аяғында 1,9 млн текше су түсіп, шарықтау шегінде бұл ауқым 1,582 млрд текшеге дейін жетті. Оның салдары қандай болғаны бәрімізге мәлім. Перцев ауылының өзінде аулаларды су жайлау дерегі 1987 және 2000 жылдары тіркелген. Биыл тұрғындары тарихта болмаған жағдайға душар болды. Дегенмен ұйымдасқан, жүйелі, уақытылы атқарылған жұмыстардың арқасында мүмкіндігінше залал-зардаптың арта түспеуіне қол жеткіздік», – деді қала әкімі.
Бейнетті шақта бел жазбай қызмет істеп, алғы шептен табылған орган, мекеме-ұжым, кәсіпорын қызметкерлеріне және тұрғындар мен еріктілер жасағына алғысын білдірді. Ол екпін салып айтып отырған ендігі мәселе – дамбыларды биіктетіп, қайталануы ықтимал су тасқынына жаз бойы қам жасау.
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ