Қызылжұлдыз ауылының үш тұрғыны мал шығындарының төлемдерін алды

Қызылжұлдыз ауылының үш тұрғыны мал шығындарының төлемдерін алды

Жергілікті атқарушы органдар су тасқынынан зардап шеккен мал иелеріне келтірілген зиянды өтеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Төтенше жағдай жарияланған аймақтарда мал шығынын бағалау үшін арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Комиссиялар құрамына аудандық ветеринария қызметінің мамандары енгізілген. Олар оқиға орындарына барып, өлген малдың санын анықтап, зарарсыздандыру жұмыстарын атқарады. Осылайша, мал иелеріне шығынды өтеу туралы өтініш беру үшін қажетті құжаттарды жинауға көмектеседі.

14 сәуірдегі жағдай бойынша, 938 бас малға өтінім берілді. Мысалы, Аманкелді ауданында 43 ірі қара малға, 354 ұсақ малға және 5 жылқыға 6 өтінім, Жанкелдин ауданында 4 ірі қара малға, 10 ұсақ малға және 1 жылқыға 3 өтінім, Арқалықта 60 ірі қара малға, 445 ұсақ малға және 16 жылқыға 11 өтінім келіп түсті.

Қызылжұлдыз ауылында 3 өтінім бойынша 11 ірі қара мал, 200 ұсақ мал үшін 13 миллион 729 мың теңге төленген.

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен мал иелеріне төлемдер жалғасу үстінде.
Жергілікті органдар мал иелері мен шаруа қожалықтарын өлген мал үшін төлемдер мен өтемақылар алу үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгінуге шақырады.

Жаңалықтармен бөлісу