Дәмді көпірін жергілікті полицейлер күндіз-түні күзетіп тұр (ВИДЕО)

Дәмді көпірін жергілікті полицейлер күндіз-түні күзетіп тұр (ВИДЕО)

Әулиекөл мен Жалдаманың арасын жалғап тұрған Дәмді көпірі осыдан 51 жыл бұрын салынған.

Содан бері ұзақ жыл көлік қатынасына мүлтіксіз қызмет етті.

 

Тек, кешегі жойқын су тасқынына төтеп бере алмаған көпірдің белдеуі майысып, бірнеше жерден жарықшақтар пайда болды.

Кешелі бері мұнда көлік қозғалысы тоқтатылды. Көпірдің екі жақ басына блокпосттар қойылған.

Жергілікті полиция қызметкерлері тәулік бойы күзетіп тұр.

“Бұл көпір мен 1971 жылы әскерден келгенде болмаған. Жетпіс үшінші жылы салды. Содан бері 51 жыл болды, біреу-міреу жөндеп жатқанын көргеніміз жоқ. Осы кезге дейін мұндай қиындық болмаған-тұғын. Әйдік су тасығанда сеңдер көтеріледі ғой, көпірдің астыңғы бөлігі ылғи суда тұрады. Қанша дегенмен ылғалды. Содан әлгі сеңдер соққанда асты сөгілген дүние, қандай мықты болса да отырады. Көпірдің қазіргі жағдайы осы”, – дейді Дәмді ауылының тұрғыны Көшек Байкенжеұлы.

Науырзым ауданының әкімі Мәди Ихтиляповтың айтуынша, Дәмді көпірі жөнделгенше, жұрт айналма жолды пайдалана тұрмақ.

Әлібек Ыбырай 

Суреттерді түсірген

Бейбіт Мейрамұлы 

Қостанай-Науырзым-Аманкелді – Торғай.

Жаңалықтармен бөлісу