15 мая, 2025
Талап қою мерзiмдерi және оны есептеу тәртібі

Талап қою мерзiмдерi және оны есептеу тәртібі

Азаматтық құқықтарды қорғау үшін бекітілген аса маңызды мерзімдердің бірі – ол талап қою мерзімі. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 177-бабында талап қою ұғымына анықтама берілген. Аталған бапта талап қою – бұл уақыт кезеңі, яғни мерзім түрі деп көрсетілген. Мерзім күнтiзбелiк күнмен, сөзсiз болуға тиiстi оқиғамен, уақыт кезеңі ретінде де белгіленуі мүмкін. Дәл осы соңғы мағынада талап қою белгілі бір мерзімді білдіреді.

Талап қою – талап қоюшының талабын сот арқылы қанағаттандырудың уақытша шектеуі болып саналады, алайда ол бұзылған құқықты қорғау функциясын орындамайды. Егер талап қоюдың негізділігі жеткіліксіз болса, талап қою бойынша талап қою мерзімі әлі аяқталмағанына қарамастан, талап қоюдан бас тартылуы мүмкін.

Талап қою мерзімі жалпы және арнайы деп екіге бөлінеді. Талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл болып белгiленедi. Мәселен, некесi бұзылған ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы ерлi-зайыптылардың талаптарына неке бұзылған кезден бастап (бұл ретте соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап) талап қоюдың үш жылдық мерзiмi қолданылады. Талап қою мерзімінің екінші түрі талап қоюдың жалпы мерзiмімен салыстырғанда қысқартылған немесе ұзартылған арнаулы мерзiмдер белгiленуi мүмкiн. Мысалы, жүк тасымалдау шарты бойынша талап қою мерзiмi – бiр жыл, жолаушыны тасымалдау шарты бойынша — алты ай (2001 жылғы 8 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының «Теміржол көлігі туралы» Заңының 93-бабы). Бұл мерзімді өткізіп алу – нұқсан келген немесе дау туғызған құқықты қорғау құқығынан айырылуға әкеледі. Азаматтық кодекс бойынша, жоғарыда аталған ережені сот шешім шығарғанға дейін жасалған дауға қатысушы мүдделі тараптың мәлімдемесі бойынша ғана қолданады. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.

Талап қою мерзімінің басталуы тұлғаға оның құқығының бұзылғаны туралы белгілі болған күннен, немесе білуге тиіс болған күннен бастап есептеледі. Мысалы, меншік құқығы бұзылған жағдайда, талап қою мерзімі меншік иесі бұл туралы білген немесе білуі керек болған сәттен басталады. Бұл ретте құқық бұзушыны анықтау сәті маңызды емес.

Себепті негіздер болған жағдайда талап қою мерзімін қалпына келтіру, тоқтата тұру және үзу мүмкіншіліктері көзделеді. Мысалы, талап қою мерзімінің өту барысында үзіліс болған жағдайда үзiлiстен кейiн талап қою мерзiмiнiң өтуi қайтадан басталады; үзiлiске дейiн өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi. Ал мұндай үзіліс қолдану үшін мына негіздер болу керек: белгiленген тәртiппен сотта талап қою, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы, сондай-ақ борышкер қарызын мойындауы немесе мiндеттердi мойындағанын дәлелдейтiн өзге де әрекеттер жасауы.

Талап қою мерзімінің өтіп кетуі қолданылмайтын құқықтық қатынастардың тізімі АК-нің 187-бабында бекітілген, яғни осы бапта көзделгенталаптар бойынша бес, он, жиырма және т. б. жылдар өткеннен кейін де талап қоя беруге болады. Мәселен,  материалдық емес игiлiктер мен мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау туралы талаптар; салымшылардың банктерден банктiк салымдарды қайтарып беру туралы талаптары; азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптар; негаторлық талаптар. Бұл құқықтар едәуір мерзім өткеніне қарамастан қорғалуға жатады.

Динара ЖАҢАБАЕВА,

Рудный қалалық сотының судьясы