Тәжірибе мен тағылым тоғысқан орта: ауылдағы Ақсақалдар кеңесінің жаңа тынысы

Тәжірибе мен тағылым тоғысқан орта: ауылдағы Ақсақалдар кеңесінің жаңа тынысы

Ақсақалдар кеңесі – өткеннің өнегесін бүгінгі қоғамның игілігіне айналдыратын алтын көпір.

Денисов ауданында ауылдық жерлердегі Ақсақалдар кеңестерінің жұмысын жетілдіруге арналған тағылымды семинар өтті. «Ауылдық жерлер жағдайында Ақсақалдар кеңестерінің тиімді жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктері» тақырыбындағы кездесуге аудан ауылдық округтерінің Ақсақалдар кеңесі төрағалары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Ауылдың ажары – ынтымақта, ал сол бірліктің ұйытқысы боларлық тұлғалардың бірі – ақсақалдар. Олар салт-дәстүрдің сақталуына, отбасылық құндылықтардың нығаюына, жастардың тәрбиесіне және ауылдағы өзара түсіністік пен қоғамдық келісімнің орнығуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

blank

Семинардың негізгі мақсаты – қалыптасқан тәжірибені саралап қана қоймай, Ақсақалдар кеңестерінің қоғам өміріндегі рөлін арттыратын нақты әрі тиімді тетіктерді талқылау.

Кездесудің практикалық бөлігінде Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Айнұр Уразбаева шеберлік сағатын өткізіп, өңірде және еліміздің өзге аймақтарында жүзеге асырылып жатқан озық тәжірибелермен бөлісті.

blank

«Ақсақалдар кеңесі – халықтың ішкі әлеуетіне сүйенетін қоғамдық институт. Ауылдағы ақсақалдардың өмірлік тәжірибесі мен беделі көптеген мәселенің алдын алуға, адамдар арасындағы түсіністік пен келісімді сақтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл тәжірибені тек кеңес берумен шектемей, нақты қоғамдық бастамаларға бағыттау. Әр ауылдың өзіндік ерекшелігі бар, сондықтан Ақсақалдар кеңесінің жұмысы да сол қоғамдастықтың қажеттілігіне сай болғаны маңызды», – деді Айнұр Уразбаева.

blank

Кездесу барысында Кеңестердің жергілікті қоғамдастықтармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылын күшейту, жастармен жұмысты жандандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағыттары талқыланды.

Семинардың тағылымды бөлігінің бірі – шығармашылық бағдарлама болды. Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің «Әжелер алқасы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен «Ақ Дариға» халықтық хоры өнер көрсетіп, ұлттық дәстүр мен рухани мұраның мән-маңызын айшықтады.

blank

Өнер арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеген бұл бағдарлама аға буынның мәдени мұраны сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудегі ерекше рөлін тағы бір мәрте көрсетті.

Кездесу соңында Ақсақалдар кеңестерінің белсенді мүшелеріне құрмет көрсетіліп, үздік жеті қатысушыға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

blank

Өмірлік тәжірибе – ұрпаққа бағыт, ақсақал сөзі – елге бағдар. Денисовтағы семинар осы құндылықтарды нақты қоғамдық іске ұластырудың тиімді жолдарын саралап, ауылдағы Ақсақалдар кеңестерінің жаңа бастамаларына серпін берді.

 

Іс-шараны «Қостанай облысының психологтар қауымдастығы» ҚҚ Денисов ауданы әкімдігінің «Ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы бойынша ұйымдастырды.