Тәуелсіздікпен бірге елімізге оралған Майрагүл Жарас

Тәуелсіздікпен бірге елімізге оралған Майрагүл Жарас

1991 жылдан бастап, өзге жұрттағы қандастарымыз атамекендеріне орала бастады. Сол ұлы көш әлі толастаған жоқ. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары  тағдырдың тауқыметін тартып,  амалсыздан шекара асқан ағайынның атамекенге ағылуына  кейін “Халықтың көші-қоны туралы”  заң даңғыл жол ашып берді.

Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған талай қазақ жеріне деген сағынышы үзілмейтін үмітке, селкеусіз сенімге айналды.  Ата қоныстарымен қауышқан қандастар өздерімен бірге халқымыздың жоғалуға айналған кейбір салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұмытыла бастаған көне сөздерін алып келді.  Шетелде туып, Тәуелсіздікпен бірге елімізге оралған көптеген қандасымыз бүгінде  елге адал қызмет етіп жатыр. Солардың бірі Федоров ауданындағы Успенов ауылының тұрғыны, білікті ұстаз Майрагүл Жарас.

Осыдан отыз жылдай бұрын Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан тұтас ел кеп қоныстанғанда,  арасында туған жерімен қимай қоштасқан 18 жасар Майрагүл де бар еді.  Балаусадай құлпырып, бой жеткен Майрагүл онда енді ғана студент атанған. Ол ата-анасымен, екі ағасы мен  жездесі болып, төрт отбасы Федоров ауданының Успенов ауылына  орналасты.  Мұнда кілең неміс, орыстар тұратын. Жалғыз қазақ қана болыпты.  Оның өзі заты қазақ демесеңіз, орыс тілді азамат еді. Алыстан атамекенді аңсап жеткен ағайын мұнда бірден сіңісіп кете қойған жоқ. Жергілікті тұрғындар бұларды әуелгіде “қазақ” деп қабылдамаған. “Моңғолиядан көшіп келді, оралман”, яғни,  олар өзге халық болуы керек” деген түсінік қалыптасты. Баян өлгейде аяқ-табағына дейін араласқан ағайын жаңа мекенде біраз қиындық көрді. Біріншіден, тума-туыспен арадағы қатынас үзілді, тілдік орта жоқ.  Сосын орналасқан жерде балаларды оқыта қоятын мектеп болмады. Көшіп келген қандастардың балалары Қостанайдағы Ы.Алтынсарин мектеп-гимназиясына қабылданған. Кейін, білім ошағы “дарынды балаларға арналған мектеп” мәртебесіне ие болғасын, артық оқушы тартуды кілт тоқтатты.

Майрагүлдің өзі үзіліп қалған оқуын Рудныйдағы педагогикалық колледжде жалғастырды. Онда  тілден теперіш көре қойған жоқ. Қасында өзі сияқты қаракөз  жастар көп еді. Жас маман “бастауыш сыныптардың мұғалімі” деген диплом алып шықты. Алайда, мұны  күтіп тұрған ауылда жұмыс жоқ. Успеновтегі  жалғыз мектеп орысша оқытады. Бұл кезде шағын ғана елді мекенге қоныстанған  оралмандар отбасының саны көбейе түскен.  Мектеп жасындағы балалар да жетерлік. Оларға қайтсе білім әперу керек. Осылайша әрі-сәрі күй кешіп жүргенде, оралмандар арасынан Зия ақсақал суырылып шығып,  сол кездегі облыс әкіміне “Балаларымыз сауатсыз боп қалады. Бізге тұрғылықты жерден мектеп ашып беріңіз” деген рәуіште хат жолдайды. Ол кісінің өтініші көп ұзамай орындалды. Федоров ауданының білім бөлімі Успенов ауылына қоныстанған қазақ отбасыларының арасынан арнайы білімі бар жастарды шақырып, ақылдасқан. Таңдау ә дегенде Майрагүлге түсіпті.

– Менің алдымда бір қызымыз  колледж бітіріп келген еді. Екеумізді аудандық білім бөлімі шақыртып, ” Қазақ сыныптарын ашамыз. Сабақ беруге дайынсыздар ма?, – деп сұрады. Сол жылы  алғашқы бастауыш сыныбы ашылып, 8-9 жастағы он екі бала қабылданды. Жыл озған сайын ақырындап, мектепте қазақ тілінде оқитын балалардың саны артты. Әуелгіде қатты қиындық көрдік. Жергілікті халық “Монғолиядан оралмандар келді” дегенде бізді “қазақ” деп қабылдаған  жоқ. Ұжымның өз ішінде де алауыздық болды. Балаларымыз да біраз қысым көрді. Жиі шекісіп қалатын. Бірте-бірте, үш жылдан кейін ептеп үйренісе бастадық. Қатарымыз да ұлғайды, – дейді Майрагүл Жарас.

Бүгінде Успенов орта мектебінде 103 бала оқыса, соның тең жартысы қазақ.  Әттең, ауылға жастар жағы көп тұрақтай қоймайды. Білім ошағын бітірген соң оқуға түсуге қалаға кетеді. Жұмыс іздеп кетеді. Әйтпесе, туу көрсеткіші төмен емес. Қазір 11 қазақ сыныбы бар. 56 оқушы білім алып жүр.

– Менің осы мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек еткеніме биыл жиырма жеті жыл болды. Соның жиырма екі жылында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін. Құдайға шүкір, жаман емес.  Успенов өз ауылымыздай болып кетті. Менің алдымнан түлеп ұшқан кей шәкіртім осы мектепте өзіммен бірге сабақ береді. Олардың қолына алғаш қалам ұстатып, әріп үйреткен ұстазы ретінде бұған әрдайым марқайып отырамын. Біздің арамыздан журналист те, ұстаздар да, спортшылар да шықты. Оның сыртында түрлі салада еңбек етіп жүрген жастарымыз көп. Мәселен, облыстық телеарнада тілші болған Қымбат Шұғайып біздің мектептің түлегі.  Алғашқы түлектердің арасында ағайынды Тілек, Серік, Нұршаш Зия, облысқа танымал әнші Арғынбек Жамалхан, Бейбітхан Жамалхан есімді азаматтар бар. Тілек биыл Федоров аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. Біз оларды  әрдайым мақтаныш тұтамыз, – дейді Майрагүл ұстаз.

Майрагүлдің өзі осы кезге дейін жүздеген шәкірт баулыған. 1998 жылдан бері қарай Успенов ауылында қазақ отбасыларының қатары көбейді. Моңғолия жерінен қотарыла көшкен жұрт ағайын-туманы сағалап, бірінен соң бірі көшіп келе бастады. Оның сыртында Торғай, Аманкелді, Науырзым аудандарының тұрғындары да осында көштің бетін ірікті. Керісінше, көп неміс, орыс отбасы өздерінің тарихи отандарына қоныс аударды. Бүгінде Успенов ауылы тұрғындарының 70-80 проценті қазақ. Тоқсаныншы жылдары көшіп келген оралмандардың балалары да  бір-бір отбасына айналды. Өсіп-өніп жатыр.

– 1998 жылдан бері қарай мектебімізде бала саны артты. Өйткені, жан-жақтан көшіп келушілер көп еді. Сол жылдары ғой, мен қуанғанымнан:  “Біз қазақ болып кеттік қой” деппін. Жалғыздықты көп көргеннен кейін сөйдеген шығармын. Өз атамекеніңде, өз ана-тіліңде сөйлеп, араласқанға не жетеді! Біз тіл жағынан көп жапа шектік. Жергілікті тұрғындар бір ауыз қазақша білмейді, сырттан көшіп келген аз үйлі оралман орыс тіліне шорқақпыз. Бізді қойшы, Рудныйда жүргенде  тілдік ортамыз болды.  Бәрінен бұрын ата-анамызға, бауырларымызға қиын тиді. Ешкімге артық-ауыз тіл қата алмайды. Бір жердің суын ішкен соң,  араласпай отыру мұқым қазақ жат емес пе. Алғашқыда бойымызда осындай бір үрей болған. Кейін бәрі сейілді. Қазір ауылдың байырғы тұрғындарымен емен-жарқын сырласып, бауыр басып кеттік, – дейді біздің кейіпкер.

Несін жасырамыз, кейінгі кезде Успеновке қоныстанушы ағайын азайды. Моңғолиядан Қазақ еліне көшіп келушілердің біразы онда қалған ағайынмен арадағы қарым-қатынасты үзіп алмау үшін амалсыз Алматы, Павлодар, Семей жақты таңдайды. Өйткені, біреудің баласы келсе, ата-анасы қалып қояды. Немесе керісінше. Кейде Майрагүлдерге: “Сендер, ит арқасы қияндағы Қостанайда неғып жүрсіңдер? Жақынырақ орналаспадыңдар ма?” дейтін кісілер бар. Бұлар не десін, қазақтың иен даласының бәрі өз жері, өз атамекені емес пе! Қайда тұрса да тұрмыстары ешкімнен кем емес. Басында баспанасы, қорасында малы, істейтін жұмысы бар.

– Мұнда келгелі құдайға шүкір, отбасылы болдық. Тұрмысқа шығып, үш баланы дүниеге әкелдім. Бір қызым биыл күйеуге шықты. Жолдасым Қуаныш жергілікті су тарату пунктінде оператор болып жұмыс істейді. Баяғыда ауданда бір қазақ көрсек қуанатын едік. Егер ол қазақша сөйлесе, тіпті, жақынымызды тапқандай күй кешетінбіз. Билік басында отырғандардың бәрі өзге ұлттың өкілі болды. Қазір, бөлім басшыларына дейін өз қазағың. Аудан әкімі қандастардың жағдайын жиі біліп, сұрастырып отырады. Әрқашан көмегі дайын. Бұдан артық қолдаудың керегі не? – дейді Майрагүл ағынан жарылып.

Қанатымен су сепкен қарлығаштай, бұрын-соңды атын естіп көрмеген теріскейдегі шағын ауылға ең алғашқы болып қоныс аударып қана қоймай, онда қазақ мектебінің ашылуына септігі тиген, бір өзі бірнеше шәкіртті түлетіп ұшырған  Майрагүлге қандай мақтау айтсаң да жарасымды!

 

Федоров ауданы

Жаңалықтармен бөлісу