Науырзым қорығында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Науырзым қорығында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған бұл күн Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында да жоғары деңгейде аталып өтті.

Салтанатты іс-шара қорықтың бас ғимараты алдында ұйымдастырылды. Экологиялық мерекеге қорық қызметкерлері, аудан мектептерінің оқушылары мен ұстаздары, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының еріктілері мен жергілікті жұртшылық қатысты.

  Мерекелік жиынды Науырзым қорығы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Еламан Күмісбеков  ашып, жиналған көпшілікті айтулы күнмен құттықтады. Өз сөзінде ол табиғатты қорғау – тек экологтардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті.

«Бүгінгі таңда әр адам табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің маңызын терең түсінуі тиіс. Біз бүгінгі игі істеріміз арқылы ертеңгі ұрпаққа таза, көркем, әрі бай табиғатты аманаттап тапсыруымыз керек», – деді ол.

Іс-шара барысында көктемнен бері жалғасып келе жатқан «Парктер шеруі – 2025» халықаралық табиғатты қорғау акциясы да өз мәресіне жетті. Бұл акция аясында аудан мектептері мен еріктілер түрлі экологиялық іс-шараларға белсене қатысып, табиғат аясында сенбіліктер, ағаш отырғызу, табиғатты қорғау бағытындағы танымдық сабақтар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырды.

Акция қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталып, оларға арнайы мадақтамалар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Жеңімпаздардың қатарында табиғатқа жанашырлық танытып, өз өнері мен білімін табиғатты қорғауға арнаған жас жеткіншектер болды.

Бұл күн — табиғат пен адамзат арасындағы нәзік байланысты терең ұғындыратын, табиғатты аялауға үндейтін тағылымды мереке.

Іс-шара соңында «Адам мен табиғат – егіз ұғым» тақырыбында жас экологтардың қатысуымен шағын көрме мен флешмоб ұйымдастырылды. Балалар өз қолдарымен табиғи материалдардан жасаған бұйымдарын таныстырып, табиғатты қорғау жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.

Қоршаған ортаны сақтау – бұл тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да талабы. Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан, әрбір азаматтың табиғатты қорғауға деген жеке жауапкершілігі болуы тиіс.

Бүгінгі жасалып жатқан әрбір жасыл қадам, әрбір экологиялық бастама – келешек ұрпаққа аманат болар таза Қазақстанның кепілі!

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Науырзым ауданы