Жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен микрокредит беру қағидасын бекіткен еді.
Шағын несие бизнес бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарды қолдауға бағытталған. Ол «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауға тиіс. Несие сомасы 5 млн теңгеге дейін. Мал шаруашылығын дамытуға 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін
5 жылға дейін беріледі.
– Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған. Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады. Бұл жобаға қатысу үшін өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуы керек, – дейді Сарыкөл аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Наталья Попова.
Бүгінде осы бағдарлама бойынша Сарыкөл ауданынан екі адам өтінім берді. Соның бірі – 25 жасар Карина Әбдізанарова.
– Мал шаруашылығымен айналысқым келеді. Соның ішінде жылқы өсіруді қолға алып, 9 бие сатып алмақпын. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5 млн теңгеге өтінім бердім. 25 мамырда мақұлданды, енді қаржыландыруды күтіп отырмын, – дейді Карина.
Жас кәсіпкер болашақта кәсібін одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Ол өз арманына еліміздегі бастау алып жатқан осындай игі жобалар мен мемлекеттік қолдау арқылы қол жеткізбек ниетте.
Сарыкөл ауданы