Жақында Қостанай қаласында сән сүйер қауым асыға күткен Kazakhstan Fashion Week (KFW) сән көрсетілімі көпшіліктің басын қосты. Іс-шара – отандық сән индустриясының дамуына серпін беретін маңызды мәдени оқиға.
KFW – Қазақстандағы мода мен сұлулық саласындағы ең ірі әрі кәсіби платформа. Сонымен қатар, Kazakhstan Fashion Week сәнді науқандарды, брендтерді және арнайы жобаларды сәтті іске қосуға арналған дәстүрлі алаң.
Кештің басты қонағы – KFW жобасының негізін қалаушы әрі арт-директоры Алексей Чжен. Оның айтуынша, бұл жоба 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі сән апталығына айналып, көптеген жас дизайнерлерге әлемдік деңгейде танылуға жол ашқан. Kazakhstan Fashion Week сән әлеміндегі жаңа есімдерді таныстыратын, талантты дизайнерлердің дебют алаңына айналған, ұлттық мәдениет пен заманауи стильді ұштастыратын бірегей жоба. Іс-шара аясында әлемдік подиумдарды бағындырған қазақстандық дизайнерлер өз топтамаларын ұсынды. Олардың қатарында Леонид Жеребцов, Тамара Ламанукаева, Назым Карпикова (AruNaz брендімен), Мира Шакербай сынды сән саласының жарқын өкілдері бар.
Биылғы сәнде де табиғи материалдар – жібек, зығыр, мақта және барқыт ерекше сұранысқа ие болмақ. Бұл туралы сән көрсетілімінде танымал дизайнерлер мәлімдеді. Олардың айтуынша, табиғи маталар тек әдемілік үшін емес, адам денсаулығы мен жайлылығы үшін де маңызды. Сән кешінің сәтті өтуіне «Азат и Д» ЖШС мен өзге де шығармашылық ұжымдар, сонымен қатар Қостанай қалалық әкімдігі қолдау көрсеткен.
«Қостанайда тігін фабрикалары бар екенін білемін. Бұл – үлкен мүмкіндік. Оларды дамытудың жолын дұрыс бағыттай білсек, бұл сала жаңа деңгейге көтеріліп, қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл жай ғана сән көрсету емес, үлкен, әлеуеті мол сала. Дизайнерлеріміздің әлемдік ареналарда танылып жатқаны мені қатты қуантады», – дейді Алексей Чжен.
Ол сонымен қатар осындай сән кештері тек көрсетілім ғана емес, сонымен қатар шығармашылық кездесулер, тәжірибе алмасу алаңы, әрі жаңа есімдерді танытатын мүмкіндік екенін атап өтті.
«Осындай бас қосуларда біз жас таланттарға мүмкіндік береміз. Мұны болашаққа инвестиция деп түсінгеніміз абзал. Бізге қолдау білдірген бас серіктесіміз «Азат и Д» компаниясының басшысы Динара ханымға алғысым шексіз. Осында келген әрбір көрермен өзіне бір жаңалық ашып, жан дүниесін байытып кетеді деп сенемін», – деді дизайнер.
Салада кадр тапшылығы да үлкен мәселе болып тұр. Дизайнердің айтуынша, бүгінгі күні тіпті қарапайым тігінші табудың өзі қиын.
«Дизайнер болу – тек сурет сала білу емес, терең талғам, түс пен пішін үйлесімін сезіну, адамның дене бітімін жақсы түсіну қабілеті қажет. Бұл – нағыз өнер. Бізге шебер мамандар қажет, ал оларды дайындау – бәріміздің ортақ міндетіміз», – дейді ол.
Сән көрсетілімнде түрлі авторлардың киім үлгілері ұсынылды. Солардың бірі, танымал дизйнер Мира Шакербай.
«Біз Қостанайға алғаш келіп отырмыз. Адамдары өте кеңпейіл, ерекше энергиясы бар қала екен. Қала өте әдемі, таза, дамып жатқаны бірден байқалады. Бұл жолы біз жарқын түсті киімдерді ұсынамыз. Себебі түстердің жарқырап тұруы адамның көңіл күйіне тікелей әсер етеді деп ойлаймын», – дейді белгілі дизайнер Мира Шакербай.
Айта кетейік, Мира Шакербай көбіне жібек, барқыт сияқты табиғи маталармен жұмыс істейді. Әрбір туындысын ерекше талғаммен, нәзік сезіммен өмірге әкеледі. Дегенмен, Мира елімізде сән саласында даму болғанымен, нағыз сән индустриясы қалыптаспағанын айтады.
«Қазақстанда сән әлемі бар деп айтуға болады, бірақ толыққанды индустрия бар деп айту қиын. Себебі бізде өндіріс саласы мүлде дамымаған. Шынайы индустрия болуы үшін киім тігуде қолданылатын барлық зат – мата, фурнитура өзімізде өндіріліп, ішкі нарықта қолжетімді болуы керек. Қазір біз бәрін шет елден тасимыз. Соған қарамастан дизайнерлер өте көп. Егер тұтынушылар тарапынан тұрақты сұраныс болса, өндіріс те біртіндеп дамуы мүмкін деп ойлаймын», – дейді ол.
Мира Шакербай тігін цехы ашып, киім тікпейді. Ол тек киім үлгісінің дизайнын ойлап тауып, ұсынады. Бұл – әлемдік сән индустриясында кең таралған тәжірибе. Көптеген атақты брендтердің өзі өнімдерін өзге елдерде тіктіреді.
«Жақсы дизайнер болу үшін ең алдымен өз ісіңді жақсы көруің керек. Қазіргі таңда әйелдер сәннен бұрын ыңғайлылыққа мән береді. Сонымен қатар олар көңіл күйіне қарай киінеді. Киім – тек сыртқы көрініс емес, адамның ішкі жан дүниесін де білдіретін құрал. Ол адамның тіптен өмірін де өзгерте алады», – дейді дизайнер.
Айтуынша, Мира Шакербай тек әйелдерге арналған киім үлгілерін жасайды. Қостанайдағы көрсетілімде де барша киім әйелдерге арналды. Сөйтсек оның да өзіндік сыры бар екен.
«Ер адамдарға киім ойлап табу оңай емес. Олар көбінесе шет елдік сән үйлерінің үлгілеріне жүгінеді. Ал әйелдерге арналған сән – бұл шексіз шығармашылық алаңы», – деп сөзін түйіндеді дизайнер.
Осы көрсетілім барысында игі қадам жасалып, екі бойжеткенге мектеп бітіру кешіне арналған көйлек сыйға тарту етілді. Мұндай қадам олардың жарқын болашағына жасалған шағын болса да жүрекке жылу беретін қолдау. Солардың бірі – балалар үйінің тәрбиеленушісі Елена Мелихова. Ерекше сәтке куә болған бойжеткен бұл сыйлыққа шексіз қуанды. Ол бүгінгі кеште өз бойындағы сенімділік пен сұлулықты паш етіп, подиумда өнер көрсетті. Елена өз арманына тағы бір қадам жақындағандай әсер алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да дәстүрге айналмақ.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА