«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық апталығы аясында Қостанай облысында ауқымды экоакция өтті.
Облыс орталығындағы «Ақ Шаңырақ» аумағында ұйымдастырылған шараға 100-ге жуық студент, еріктілер мен қоғам белсенділері қатысты.
Игі бастама Қарағанды облысынан бастау алған челлендж аясында жүзеге асты.
Эстафетаны Қостанайлық жастар іліп әкетті. Атап айтқанда, өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттері сенбілікке шығып, айналаны қоқыстан тазартып, экологиялық мәдениетті насихаттауға өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Әсем Оңайбекова сөз алып, бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.
– Қоршаған ортаны қорғау – тек бір күндік жұмыс емес, бұл – өмірлік ұстанымға айналуы тиіс әрекет. Жастардың мұндай жауапты іске белсенді араласуы көңіл қуантады. Экологиялық сана – қоғам дамуының маңызды бөлігі, – деді ол.
Челлендж барысында сөз алған Қостанай өңірлік университетінің 2-курс студенті Мәди Дукешов те өз ойымен бөлісті.
– Табиғатқа жанашыр болу – бүгінгі буынның парызы. Бұл шара бізге үлкен жауапкершілікті сезінуге себеп болды. Біз челленджді Павлодар облысына жолдай отырып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастарды қоршаған ортаны аялауға шақырамыз, – деді жас белсенді.
Осылайша, Қостанай жастары табиғат тазалығын сақтау жолында нақты ісімен үлгі көрсетті. «Таза Қазақстан» акциясы – тек сенбілік емес, болашаққа бағытталған саналы қадам.
Балауса ЖҮНІС