Облыста шомылу маусымы барысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары қанша күшейтілгенімен, қайғылы жағдайлар тыйылмай тұр. Өңірде жеті адам суға кетіп қаза болды, оның төртеуі – кәмелетке толмаған бала. Бұл дерек судағы қауіпсіздік мәселесіне әлі де бейжай қарауға болмайтынын аңғартады.
Қостанай облысы аумағында сегіз мыңнан астам су айдыны бар. Оның 226-сы шомылуға тыйым салынған орын ретінде анықталған. Ал облыс әкімінің қаулысына сәйкес, өңірде шомылуға арналған 25 ресми орын белгіленген. Оның алтауы коммуналдық болса, 19-ы жеке жағажай санатына жатады.
«Шомылу маусымы басталар алдында қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды. Бүгінде 23 жағажайға тексеру жүргізілген. Екі жағажай уақытша жұмыс істемегендіктен, тексеру тізіміне енгізілмеген. Олардың жұмысы қайта жанданғаннан кейін тиісті бақылау жүргізіледі. Қазіргі уақытта Рудный, Лисаков қалалары мен Қарабалық ауданының әкімдіктері жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң тағы үш коммуналдық жағажай шомылуға арналған ресми орындардың қатарына қосылмақ», – дейді Қостанай облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Руслан Базарбаев.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайларға жедел ден қоюға 120 құтқарушы, 35 техника, 21 жүзу құралы, сондай-ақ сүңгуірлік жабдықтар мен қажетті жарақтар дайындалған. Шомылуға рұқсат етілмеген орындарда жағалау аумағын бақылау да назардан тыс қалдырған жоқ. Моторлы қайықтармен жарақталған алты мобильді құтқару бекеті жұмыс істейді. Олар Гагарин бөгетінде, Орталық жағажайда, КЖБИ көпірі маңында, Қонай ықшам ауданында, Ақжар су қоймасының бөгетінде және Жітіқара қаласындағы Шортанды өзенінде орналастырылған.
«Сақтық шараларының бірі – азаматтарға қауіп туралы алдын ала ескерту. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдар су айдындарына 492 ескерту және тыйым салу белгісін орнатқан. Ал шомылу маусымы басталғалы бері үш мыңға жуық рейд ұйымдастырылып, 27 мыңнан астам адам қамтылған. Бақылау шараларының нәтижесінде судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 214 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұлдың жалпы көлемі 3 млн 239 мың 425 теңге. Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылы 193 адам жауапкершілікке тартылып, 2 млн 656 мың 66 теңге айыппұл салынды», – дейді басқарма бастығы.
Алайда қауіпсіздік мәселесін тек рейд пен әкімшілік жауапкершілік арқылы шешу мүмкін емес. Мұнда ең алдымен адамның өз жауапкершілігі, әсіресе ата-ананың бала алдындағы міндеті маңызды. Осы бағытта білім беру ұйымдарында 715 сабақ, әңгімелесу және нұсқама өткізіліп, 23 мың 342 оқушы қамтылған. Ата-аналармен де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 394 жиналыс ұйымдастырылған. Оның ішінде WhatsApp мессенджері арқылы 12 мың 300 ата-анаға ақпарат жеткізілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш аздап төмендеген. Былтыр шомылу маусымында сегіз адам суға кетіп қаза болған еді. Оның біреуі кәмелетке толмаған бала болатын. Биылғы көрсеткіштің төмендеуі жүргізілген алдын алу жұмыстарының белгілі бір нәтижесі бар екенін көрсеткенімен, бір баланың өлімі де орны толмас қасірет екенін естен шығармаған жөн.
Төтенше жағдайлардың себептеріне үңілсек, қайғылы оқиғалардың дені қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеуден болған. Атап айтқанда, үш жағдайда ата-аналардың балаларын тиісті деңгейде бақыламауы себеп болса, екі адам алкогольдік масаң күйде суға түскен. Тағы екі оқиғада азаматтардың өз мүмкіндігін асыра бағалауы қайғылы жағдайға әкелген. Бұл деректердің әрқайсысы үлкен ой салады. Әсіресе баланың суға кетуі – отбасы үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін ауыр қасірет. Баланы судың маңында қараусыз қалдырудың соңы орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Сондықтан шомылу маусымы аяқталғанша алдын алу шаралары бәсеңдемейді. Бұған дейін қайғылы оқиғалар тіркелген аумақтарда бақылау күшейтіліп, кешкі уақытта патрульдер мен рейдтер саны арттырылады. Оқиға болған аудандарда ата-аналармен қосымша түсіндіру кездесулері ұйымдастырылады. Шомылуға тыйым салынғанымен, іс жүзінде тұрғындар пайдаланатын орындар да жіті бақылауға алынады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
