Бүгін күшіне енген жаңа Конституция – елдің әлеуметтік-экономикалық және интеллектуалды әлеуетін түбегейлі өзгертетін тарихи құжат. Кез келген заманауи мемлекеттің басты құндылығы мен қозғаушы күші адам капиталы десек, Ата Заңымыздың жаңаланған мәтіні осы бағытқа басымдық беріп отыр. Бұл реформалар еліміздің білім жүйесіне, ғылым мен инновацияға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Менің назарымды ең алдымен азаматтардың шығармашылық, ғылыми және кәсіби әлеуетін іске асыруға бағытталған конституциялық кепілдіктер аударды. Жаңа Конституцияда мемлекеттің тұрақты дамуы мен экономикалық дербестігін қамтамасыз етудегі білім мен ғылымның рөлі айрықша айқындалған. Қазіргі жаһандық бәсекелестік заманында тек озық технологияларды игерген, инженерлік-технологиялық және экономикалық тұрғыдан сауатты мамандар ғана елді алға сүйрей алады. Ата Заңдағы жаңа нормалар жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, отандық ғылыми зерттеулерді қолдауға берік құқықтық негіз қалайды.
Қостанай өңірі – еліміздің ірі индустриялық және аграрлық орталықтарының бірі. Сондықтан біз үшін өңірлік даму мен еңбек нарығының сұранысына сай келетін заманауи кадрлар даярлау өте маңызды. Жаңа Конституция аясында кәсіпкерлік еркіндік пен инновациялық экономиканы дамытуға жасалып отырған жағдай жоғары оқу орындары мен өндіріс орындары арасындағы интеграцияны тереңдетуге жол ашады. Біздің ҚИнЭУ сияқты инженерлік-экономикалық бағыттағы білім ордалары үшін бұл – «Ақылды қала» (Smart City) элементтерін енгізу, жасыл экономика мен жаңа өндіріс орындарын технологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіне белсене араласуға үлкен мүмкіндік.
Сонымен қатар, Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру, ұлттық байлықты қоғам мүддесіне тиімді пайдалану және әлеуметтік әділдікті орнату қағидаттары нақты бекітілген. Бұл өзгерістер жастардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, олардың ел игілігі үшін еңбек етуіне, өз Отанында кәсіби шыңдалуына ықпал етеді.
Жаңа Конституция – бұл интеллектуалды ұлт қалыптастырудың және Әділетті Қазақстанның құқықтық тұғырнамасы. Ендігі біздің міндетіміз – осы конституциялық нормаларды басшылыққа ала отырып, еліміздің экономикалық және ғылыми дербестігін нығайтатын, заман талабына сай бәсекеге қабілетті мамандарды тәрбиелеу.
Рихсибай МАМЕДОВ,
М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ Президенті
