Су қоймалары, өзендер арнасынан асып, қауіп күшейе түсті (ВИДЕО)

Су қоймалары, өзендер арнасынан асып, қауіп күшейе түсті (ВИДЕО)

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына қарсы шараларды пысықтау мақсатымен облыстық штабтың отырысын өткізді. Басты міндет – халықты және аумақтарды су тасқынынан қорғау, барлық қызметтердің іс-әрекеттерін үйлестіру.

Отырыста өңір әкімдерінің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және су тасқынына қарсы іс-әрекеттерін күшейтуге бағытталған жұмыстары туралы баяндамалары тыңдалды.

Кеңес барысында Құмар Ақсақалов әкімдер мен күш құрылымдарына бірқатар нақты тапсырма берді.

«Қазіргі уақытта су Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймаларының бөгені ернеуінен асты. Бірер күннен кейін Қаратомар су қоймасы тасуы ықтимал. Ағыс екпіні секундына 250 текше метрден асқан жағдайда төмен жатқан елді мекендерді су басу қаупі күшейеді. Атап айтқанда, Рудный қаласына қарасты Перцев селосы, Б. Майлин ауданының Юбилейный кенті, Қостанай қаласындағы бақша қоғамдары және Қостанай ауданының Тобыл өзеніне жақын аумақтардың шеткі көшелеріне қауіп төнуде. Осыған байланысты тұрғындарды мүлкімен, төрт түлігімен эвакуациялау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын.
Барлық аудан және қала әкімдеріне бұған басымен жауап беретінін еске саламын! Су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенді түрде жүзеге асырылуға тиіс. Қазіргі жағдайға даяр болуымыз қажет. Оңтүстік өңірлердегідей емес, біздің бүгінгі жағдайға толықтай даярланатын мерзіміміз болды, әлі де 1-2 күн уақытымыз бар. Біреу мүлкін жоғалтса, үйін немесе коммерциялық нысанын су басса, жауаптыларға қатаң шара қолданылатын болады», – деп ескертті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу