Тобыл төрінде – рухани маңызы зор іс-шара! Қазақтың көрнекті ақыны, Алаштың Айтманы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» орденінің кавалері Светқали Нұржанның оқулары өтті. Облыс оқушылары арасындағы жыр жарысында үздіктер анықталып, марапатталды.
Рудный қаласында құрылыс саласында қызмет етіп жатқан ақтаулық «Qazaq Constraction Holding» компаниясының бастамасымен «QC reading» жобасы былтыр басталған еді. Өскелең буынды кітап оқуға, қазақ қаламгерлерін қастерлеуге үндеу үшін қолға алынған байқау жемісті жүзеге асып келеді. Алғашқы жылы қос облыста Би-ағаның 130 жылдығына орай «Бейімбет оқулары» өткен еді. Биыл да жалғасын тауып, Қостанайда Әбіш Кекілбаев шығармаларын оқудан сайыс ұйымдастырылды.Енді, міне, кезекті байқау маңғаз Маңғыстаудың майталман ақыны Светқалидің шығармашылығына арналып отыр. «Светқали оқуларына» шайырдың «Хан кегі» атты көлемді дастаны таңдап алынып, Тобыл өңірінің оқушыларына алдын ала жіберілген. Қатысушыларға қойылған басты шарт – елуден астам бетті алатын дастанды жаттау, зерделеу.
Бүгін облыс орталығында Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияда «Светқали оқуларының» қорытындысын шығаруға арналған жиын өтті. Оған автордың өзі бастаған, профессор Әділет Қабылов, Жазушылар Одағының мүшесі Сұлтанбек Құдайберген, әнші-сазгер Есенбай Құли, модератор Алмас Алтай қостаған батыс өңірдің басты меймандары қатысты. Ұйымдастырушылар мен демеушілер, қостанайлық зиялы қауым, өнерпаздар және мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
«Қасиетті Тобылдың жағасын жайлаған, қазақтың киелі пұшпағын мекендеген, ұлыларды тербеткен бесіктің тұтқа жұрты, сіздерді көргеніме қуаныштымын. Оспадар отаршылардың темір түрендері тырмалап жыртқанмен, топырағымыздың қатпарларында өшпей қалған рух деп аталатын нұр қайтадан сәуле шашатын сәтін күтіп жатыр. Осы іс-шара да сондай бір киелі істің басы деп есептейміз. Мәселе менің шығармамды насихаттауда ғана емес, мәселе – бүр жаратын уақытын күтіп жатқан рухтың оянуына әсер ететін әрекетте. Осы байқауды ұйымдастырған, қолдау білдірген барлық азаматтың бәріне Алланың нұры жаусын!», – деді Светқали Нұржанов.
Айта кетерлігі, «Светқали оқуларының» бас жүлдесіне атымтай компания 1 млн теңге тіккен. Рухани бастаманың мұрындығы әрі бас демеушісі, ақтаулық кәсіпкер Нұралхан Құлшықов та жиында сөз алып, оқушылар байқауының мән-маңызын қозғап, алдағы жоспарларға тоқталды. Ол екі облыста да «QC reading» жобасын жүргізіп жатыр.
«Идея «бізге не береді?» емес, «біз не береміз?» деген ойдан басталған. Әлеуметтік жауапкершілігімізді қай бағытта ұстанатынымызды таңдадық. Қоғамды дамытатын, бәсекелестікке жол ашатын – оқу-білім. Болашақ жастарды рухани байыту ұлтымыздың басты мұраты болуы керек. Ал ондай мұрат өңір-өлкеге бөлінбейді. Сондықтан осы жобаны өзім туған өңірмен бірге, киелі Қостанай облысында іске асыруды қолға алған едік. Светқали ағамыздың шығармасына арналған байқауды да Маңғыстауда өткізуге болар еді. Бірақ Тобыл өңірі де таныс-біліс болсын деген ниетпен бүгінгі іс-шараны ұйымдастырдық. Оқушыларды алда өтетін осы мазмұндағы байқауға белсенді қатысуға шақырамын», – деді Нұралхан Құлшықов.
Жиын барысында қостанайлық қаламгерлер жылы лебіздер жолдап, жергілікті жыршы-күйшілер өнерден шашу шашты. Ақтаулық сазгер Есенбай Құли да гитарамен Айтманның өлеңіне жазылған бірнеше әнді орындап беріп, көптің қошеметіне бөленді. Басқа да батыстық меймандар сөз алып, рухани байланыстың беки түсуіне тілектестіктерін білдірді, меймандос өлкенің ниет-пейілі үшін алғыс айтты.
Бұдан соң кезек байқау қатысушыларын марапаттау рәсіміне берілді. Қазылар шешімімен, бір жеңімпазға ғана берілуге тиіс болған 1 млн теңге қатысшуларға өзара бөлініп берілді. Өйткені дастанды жатқа айту тапсырмасын орындауда шығандап шыққан оқушы болмай, барлығыдеңгейлес нәтиже көрсеткен.
Сонымен, лауреаттар – Б.Майлин ауданының 8-сынып оқушысы Ұлжан Әділова, рудныйлық оқушы Аружан Ахметбекова 150 мың теңге иеленді. Ал рудныйлық 9-сынып оқушысы Қадырғали Есенқұлов мен Алиса Бақтиярова 250 мың теңгені қанжығаға байлады. Сондай-ақ белсенді шәкір дайындаған еңбектері үшін Мақпал Досымбайқызы, Гауһар Алтынбекқызы, Эльмира Сейілбекқызы және Ермек Тынысбекқызы Алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен (50 мың теңгеден) марапатталды.Айта кету керек, алдағы көктем айында Оралхан Бөкей оқуларын өткізу жоспарланып отыр. Оның сыртында маңғыстаулық оқушылар арасында Міржақып Дулатұлы, Төлен Әбдік шығармаларын оқудан байқау өтпек.
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК