Қостанайда жол сапасын арттыруға бағытталған семинар өтті

Қостанайда жол сапасын арттыруға бағытталған семинар өтті

Елімізде жол сапасын жақсарту тұрғысында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары жол құрылысында бірқатар нормативтік талаптарға өзгерістер енгізіліп, оларды жүзеге асыру басты міндетке айналды. Осыған байланысты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мен Қостанай облысы әкімдігі бірлесіп, сала мамандарына арналған семинар-кеңес ұйымдастырды.

Өңірде өткен жұмыс кеңесіне мемлекеттік кәсіпорынның сапаны бақылау департаментінің директоры Төлеуханов Қуаныш және Ұлттық орталықтың орталық аппаратының сарапшы мамандары қатысты. Кездесудің модераторы ретінде облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Есенжолов Алмаз болды. Сонымен қатар семинарға қалалық және аудандық әкімдіктердің бөлім басшылары, ауылдық округтердің жауапты мамандары қатысты.Осы жылы ведомстволық сараптама талаптарына бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, мердігер ұйымдардың міндеттері, техникалық қадағалау функциялары және тапсырыс берушінің өкілеттіктері қайта қаралды. Бұл өзгерістер әр тараптың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Әсіресе, техникалық қадағалау инженерлерінің рөлі күшейді – олар жол сапасын қатаң бақылап, уақытылы анықталған ақауларды жоюға міндетті. Сонымен қатар жаңа жолдарды қабылдау кезінде тапсырыс берушілер де нормативтік талаптарды қатаң ескеруі тиіс.Семинар барысында Жол активтері сапасының ұлттық орталығының мамандары нормативтерге енгізілген жаңашылдықтарды жан-жақты түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Жолдардың сапасын арттыру – тек бір мекеменің міндеті емес, бұл саладағы барлық құрылымдардың ортақ жауапкершілігі. Дамыған көлік-логистика инфрақұрылымы – кез келген аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторы. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың жол құрылысына жауапты мамандары нормативтік талаптарды жетік меңгеруі қажет.

Бұл семинар-кеңес – жол саласындағы мамандардың білімін жетілдіруге, жаңа өзгерістерді тиімді енгізуге бағытталған маңызды қадам. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Жаңалықтармен бөлісу