«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесі – мәдениет, өнер, тіл саясаты және ұлттық мүддеге қатысты мәселелерді қарастырып, оңтайлы шешімдер қабылдауға ұсыныстар даярлайтын қоғамдық кеңес. Биыл бұл кеңестің құрылғанына 15 жыл толды.
Соңғы 5 жылда кеңеске жетекшілік етіп, көптеген игі іс-шараның жүзеге асуына елеулі еңбек сіңірген – Қырмызы Жаңбыршина. Қазіргі таңда ол – облыстық мәслихаттың депутаты, Еуразиялық банктің Қостанай облыстық филиалының директоры. Осы жылдан бастап Қырмызы Сапарқызы «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Кеңес отырысында партия атынан алғыс айтылып, Қырмызы Сапарқызына ықылас гүлі табыс етілді.Партияның бюро кеңесінің шешімімен «Miras» кеңесінің төрағасы болып Кенжеш Оразғалиқызы сайланды. Ол – бұқаралық ақпарат құралдары саласында тәжірибесі мол маман, партияның белсенді мүшесі, бүгінде облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы.
Кеңес отырысында ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің бүгінгі қоғамдағы маңыздылығы талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының Қостанай облысында орындалу барысы қаралды.
Білім және мәдениет салалары бойынша атқарылып отырған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде Білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндкова және Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Әбдірахманов баяндама жасады. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл туралы Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Қарымсақова ақпарат берді.
Жиын барысында өңірлік кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Белгілі ақын Абылай Мауданов балалардың әдеби іс-шараларға қатысуы аз екенін айтып, бұл бағытта білім басқармасы тарапынан жан-жақты қолдау қажеттігін атап өтті. «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай Қостанайдағы №28 мектепте құрылып жатқан «Әкелер кеңесінің» тәжірибесін басқа мектептерде де енгізуді ұсынды. Ол ата-ананың, әсіресе әкенің, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
Партия ардагері, мәдениет саласының үздігі Римма Ғайсенова биыл этнограф ғалым, ағартушы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойына орай кешенді іс-шаралар ұйымдастыру қажеттігін көтерді. Ал Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық музейдің директоры Марғұлан Оспанов өңірде халық ақындары Қонысбай Әбілев пен Әсия Беркенованың ізін басатын жас таланттар үшін арнайы ақындар мектебін ашуды ұсынды.
«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы «Miras» кеңесі – консультативтік-кеңесші орган. Кеңес жергілікті атқарушы органдардың білім, мәдениет және өнер саласына, қазақстандық қоғамда бірлік пен келісімді сақтауға, сондай-ақ тіл саясатын іске асыруға қатысты мәселелерді талқылайды.
Отырыста күн тәртібіндегі барлық мәселе жан-жақты қаралды. Кеңес мүшелерінің ұсыныстары хаттамаға енгізілді.